Павлодар соңғы 3 ғасырда құрылды деген жаңсақ пікір жиі айтылады. Негізінен өңір тарихының тамыры сонау 9-11 ғасырларға жетеді. Оған ғылыми дәлелдемелер де жеткілікті. Бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарымен танысу мақсатында облысы әкімі Кенжекөл маңындағы Байдалаға барды. Тілшіміз жалғастырсын.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылдық округінде орналасқан Байдала қорымындағы археологиялық қазба жұмыстарының барысымен танысты. Бұл – Қимақ қағанаты дәуіріне жататын аса маңызды археологиялық ескерткіштердің бірі әрі Ұлы Дала тарихының тың беттерін ашуға мүмкіндік беретін бірегей тарихи нысан.
Медет Тауасқан, Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы
9 шы 11 ші ғасырлардан басталатын қимақ қағанаты Ертіс жағалауын басады. Демек тарих 9-11 ғасырлардан келе жатыр. 14 қорған бар. 6 ауа қазылған. 2021 жылдан бастап қазба жұмыстары жалғасып келеді. Зерттеліп дәлелденіп келе жатыр.
Ғалымдардың мәліметінше, Х ғасырдағы араб карталарында көрсетілген Қимақ қағанатының саяси орталығы – Имакия қаласы дәл осы аумақта орналасқан. Белгілі археолог Тимур Смағұловтың жетекшілігімен ұйымдастырылған археологиялық экспедиция 20 жылдан астам уақыт бойы тарихи-мәдени мұраны сақтау мақсатында қорғау-қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Биылғы маусымда зерттеушілер сақталған обалардың бірін зерттеуді жалғастыруда. Қорымның жерлеу орларының қалдықтары тазартылып, құрбандыққа шалынған жануарлардың сүйектері табылды. Ал негізгі жерлеу орнын ашу жұмыстары тамыз-қыркүйек айларына жоспарланған.
Археологтар өңір басшысына соңғы жылдардағы ең маңызды ғылыми жаңалықтарды таныстырды. Солардың ішіндегі ең бірегейі – Еуразия даласындағы археологиялық теңдесі жоқ, қимақ-қыпшақ кезеңіне жататын толық сақталған жылжымалы баспананың табылуы болды. Ағаштан жасалған, үстіне қазақтың киіз үйіне ұқсас шатыр орнатылған доңғалақты арба ортағасырлық көшпелілердің тұрмысын жаңа қырынан тануға жол ашып отыр. Сонымен қатар, ағаш ер-тоқым, үзеңгі, ауыздық, қару-жарақ бөлшектері, әшекей бұйымдар, жібек маталар және басқа да құнды жәдігерлер табылған. Осы уақытқа дейін мұндай «доңғалақты үйлер» туралы тарихи ғылымда тек жазба деректер мен сызбалық бейнелер ғана белгілі болған. Асайын Байханов мұндай тарихи ескерткіштерді сақтау мен жан-жақты зерттеудің өңір үшін ғана емес, тұтас ел үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Болашақта бұл аумақта идеологиялық бағытта маңызды жобалар қолға алынбақ. Бұл ел тұрғындарының Ертіс Баян өңірінің тарихымен, археологиялық зерттеулерімен терең танысуына мүмкіндік береді.
Сапар қорытындысы бойынша өңір басшысы археологиялық зерттеулерді одан әрі дамыту, бірегей жәдігерлерді консервациялау мен реставрациялау жұмыстарын қамтамасыз ету, сондай-ақ археологиялық кешенді музейлендіру және оны Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының негізгі нысандарының бірі ретінде дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Самал Қалиқызы