Павлодарда экологиялық патруль жұмысын бастады. Қаланың тазалығы коммуналдық қызметтердің жұмысынан ғана емес, әр тұрғынның туған қаласына деген жанашыр көзқарасынан басталады. Бүгінде осы ұстанымды «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» жалпыұлттық бастамалары біріктіріп отыр. Қала күні қарсаңында Павлодарда жаңа экологиялық жоба бастау алды. Оған еріктілер, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері және белсенді тұрғындар жұмыла қатысты. 


Павлодар талай жылдан бері еліміздегі ең көрікті әрі ең таза қалалардың бірі болып келеді. Бұл жетістіктің негізінде коммуналдық қызметтердің еңбегі ғана емес, туған қаласына жанашырлықпен қарайтын тұрғындардың күнделікті үлесі де жатыр. Жаңа экологиялық жоба – осының тағы бір айқын дәлелі. Ол әрбір тұрғынға туған қалаға деген сүйіспеншілік үлкен істерден емес, қарапайым әрекеттерден басталатынын еске салады. Аулаңды, көшені, қоғамдық орынды таза ұстау – өзің тұратын ортаға деген құрметтің белгісі. 

Айнагүл Сәрсенбаева, Павлодар қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы

«Бұл жоба Қала күніне орай ұйымдастырылып отыр. Баршаңызға белгілі, бүгінде біз басты мерекенің қарсаңында тұрмыз. Павлодар бүгінде көпшілік үлгі тұтатын қалаға айналды. Ол – еліміздегі ең таза, ең көрікті, ең бастысы, тұрғындары ерекше сүйетін қалалардың бірі. Өйткені мұнда тұрған әрқайсыңыз туған жеріне жанашырлықпен қарайтын нағыз патриотсыздар. Сіздер қаламыздың дамуына өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Бүгін осы жобаның бастауын бергелі отырмыз. Барлығымызды біріктіріп тұрған ортақ мақсат – туған қаламызды одан әрі көркейтіп, таза әрі жайлы ету. Осындай игі бастамалар арқылы Павлодардың абыройын бірге асқақтата береміз деп сенемін.» 

Бастамаға оқушылар, студенттер, аға буын өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері белсене қатысты. Көпшілік үшін бұл жоба – жай ғана тазалық жұмыстарына атсалысу емес, туған өлкесінің көркеюіне үлес қосуды мақсат еткен пікірлес жандардың қатарына қосылудың мүмкіндігі. Оларды ортақ мақсат біріктіреді – өңірдің тазалығын сақтап, оны тұрғындар үшін жайлы әрі көрікті мекенге айналдыру.  

Әйгерім Түсіпбекова, «Жасыл ел» облыстық штабының менеджері

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында бүгін Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбекұлының қолдауымен және қалалық ішкі саясат бөлімінің бастамасымен «EcoForce» экопатрульдері өз жұмысын бастады. Бұл жоба Павлодар қаласындағы вандализм деректерін, заңсыз қоқыс үйінділерін және қоғамдық тәртіпке қатысты өзге де құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған. Бүгінде құрамына ерікті жастар енген жеті экопатруль құрылды. Сонымен қатар, жобаға «күміс» еріктілер де тартылды. Олар құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірлесіп жұмыс істеп, қаладағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық тәртіптің сақталуына өз үлестерін қосатын болады.» 

Жоба қатысушыларына қоғамдық тәртіпті бақылауға заманауи технологиялар да көмектесуде. Осы күні демалыс аймағында ұшқышсыз ұшу аппараты әуеге көтеріліп, халық көп жиналатын орындардағы жағдайды жедел бақылауға мүмкіндік берді. Дронның көмегімен мамандар жағалау аумағы мен тұрғындар көп демалатын қоғамдық кеңістіктерге ерекше назар аударып, аумақтың тазалығы мен қауіпсіздігін қадағалады.             

Айтөре Бақытбек, Павлодар қаласы ТЖБ қызметкері

Бүгін «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» тұжырымдамалары аясында дауыс зорайтқыш құрылғысымен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппаратын іске қостық. Дронның негізгі міндеті – демалыс аймақтарындағы тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін ескертіп, қоғамдық тәртіп талаптарын сақтау қажеттігін тұрақты түрде хабарлап отыру. Сонымен қатар, ол жағажайлардағы жағдайды бақылап, демалушылардың қауіпсіздігін қадағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұрғындарды демалған орындарын таза ұстауға, жағалауда және қоғамдық орындарда қоқыс қалдырмауға шақырамыз. Табиғатты аялау мен қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.» 

Жастармен қатар, экоакцияға егде жастағы зейнеткерлер де қатысты. «Замандас» клубының «күміс» волонтері алты жылға жуық уақыттан бері қала аумағын тазарту, абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысып келеді. Белсенді тұрғын жастарды да осындай игі бастамаларға қосылуға шақырады.   

Қабдулбари Алинов, «Замандас» еріктілер клубының мүшесі 

«Біз үнемі қала аумағын тазалау, абаттандыру жұмыстарына қатысып келеміз. Қандай да бір шараны әкімдік ұйымдастырса, біз әрдайым қолдау білдіріп, атсалысамыз. Себебі бұл – біздің қаламыз. Осындай игі бастамаларға барша тұрғындарды, соның ішінде аға буын өкілдерін де белсенді қатысуға шақырамыз. Туған қаламыздың тазалығы мен көркеюі – баршамызға ортақ міндет.

Экологиялық акцияларға қатысу арқылы әркім өз қаласына деген жанашырлығын көрсетіп, қоршаған ортаны қорғауға үлес қоса алады.


Самал Қалиқызы