Екібастұз қаласының ауылдық аймағына қарасты Қарасор ауылында жаңғыртылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Нысан республика көлемінде жүзеге асып жатқан теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтті.


2025 жылдан бері республика бойынша 124 теміржол вокзалы кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Павлодар облысында Ақсу-2, Қалқаман, Шідерті, Қарасор және Бозшакөл станцияларына реконструкция жүргізілуде. Жобаның жалпы құны шамамен 1 миллиард теңгені құрайды. Жаңартылған нысандарда ғимараттардың шатыры мен қасбеті жөнделіп, ішкі бөлмелері толық жаңартылды. Су, кәріз, жылу, электр және байланыс желілері түгел ауыстырылып, өрт қауіпсіздігі, желдету және ауа баптау жүйелері орнатылды. 

Серік Төленбергенов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары

Елімізде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде вокзал заманауи талаптарға сай жаңарып, жолаушыларға жайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуге толық мүмкіндік жасалды. 

Қарасор ауылындағы жаңартылған вокзалдың ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті. Шара барысында лента қиылып, тұрғындар жаңа нысанның жұмысымен танысты.

Қарасор станциясының вокзалы 1988 жылы салынған. Жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде ғимарат толық заманауи талапқа сәйкестендірілді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандус, тактильді бағыттаушы жолақтар және арнайы күту бөлмесі жабдықталған. Станция арқылы Астана, Павлодар, Көкшетау, Шымкент және Түркістан бағыттарына қатынайтын төрт жолаушылар пойызы өтеді.

Әсет Макеев, Павлодар магистральдық желі бөлімшесінің бас инженері

Вокзалды жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың шілде айында басталып, бүгінде толық аяқталды. Ескі ғимарат сүріліп, оның орнына жаңа нысан салынды. Ішкі бөлмелері, қасбеті мен шатыры толық жаңартылды. Сонымен қатар жолаушылар платформасы түгел ауыстырылды. Қазіргі вокзал жолаушыларды жайлы отырғызу мен түсіруге арналған барлық талаптарға сәйкес келеді.

Мамандардың айтуынша, вокзалдарды қайта жаңғырту жолаушыларға көрсетілетін қызметтің сапасы мен жайлылығын арттырып, көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен қолжетімділігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.


Сабина Жолдаспаева