Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық туралы заң өңірлерде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл біреулер үшін жаза мерзімінің қысқаруы болса, енді біреулер үшін өмірді жаңадан бастауға берілген мүмкіндік. Павлодарда сот пробация қызметінің кезекті ұсынымын қарап, сотталған азаматты жазаның қалған бөлігін өтеуден босату туралы шешім қабылдады. 


Іс ашық сот отырысында қаралды. Ұсынылған материалдар зерттелгеннен кейін сот өз шешімін жариялады. Сотталған азамат үшін бұл соңғы бір жылдағы ең маңызды күндердің бірі болды. 

Қазіргі таңда рақымшылық туралы заңды жүзеге асыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Әрбір іс заң талаптарына сәйкес жеке қаралады. Мамандардың айтуынша, басты міндет заңның уақытылы әрі толық орындалуын қамтамасыз ету.

Алмагүл Абдулина, Павлодар қаласы пробация қызметі басшысының М.А.

Павлодар қаласының пробация қызметі жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық туралы заңды іске асыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына 167 материал жолданды. Оның ішінде 27 сотталған азамат толық босатылуға жатады. Қалғандарына жаза мерзімін қысқарту қолданылады. Бүгін сондай істердің бірі қаралып, сот сотталған азаматты бас бостандығын шектеу жазасын толық өтеуден босату туралы шешім қабылдады. Пробация қызметі заңның талаптарын уақытылы орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Рақымшылық тек заңдық шешім ғана емес, өткен қателіктерге ой жүгіртіп, өмірді жаңа парақтан бастауға берілген мүмкіндік. Көпшілік үшін бұл отбасына, жұмысына және қалыпты өміріне қайта оралуға жасалған қадам. 

Әрбір іс заң талаптарына сәйкес жеке қаралып, сот шешімімен қабылданады. Мамандардың айтуынша, рақымшылық заңда көзделген мүмкіндік. Ал оны тиімді пайдалану әр азаматтың алдағы өмірдегі жауапкершілігі мен таңдауына байланысты.


Сабина Жолдаспаева