Павлодар облысында 6 ай ішінде теміржолға төрт түлік малдың шығып кетуіне байланысты пойыздардың 70-тен аса шұғыл тоқтау оқиғасы тіркелген. Осы және өзге де өзекті мәселелер бойынша Май ауданының Көктөбе ауылында жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.


Теміржол маңында малдың жайылуы және олардың шойын жолға шығып кетуі қауіпсіздікке үлкен қатер төндіруде. Биылғы 6 айда облыс бойынша жолға төрт түліктің шығып кетуіне байланысты пойыздар 74 рет шұғыл тоқтаған, соның ішінде 27 жағдайда малды пойыз қағып кеткен. Осы мәселенің алдын алу мақсатында ауыл тұрғындарына теміржолдағы қауіпсіздік талаптары түсіндірілді.

Бұған қоса, жаяу жүргіншілер де, автокөлік тізгіндегендер де теміржолды рұқсат етілмеген орындардан жиі кесіп өтеді. Сондықтан жиыннан бөлек, тиісті мамандар ауыл көшелерінде тұрғындарға ақпараттық парақшалар таратып, қауіпсіздік ережелерін тағы бір мәрте еске салды.

Мұндай ереже бұзушылықтар пойыздар кестесінің бұзылуына, локомотивтер мен магистральдық желілердің зақымдануына және ірі қаржылық шығындарға әкеліп соғады. Алайда басты қауіп адамдардың өмірі мен денсаулығына төнеді. 

Тәртіп сақшыларының айтуынша, теміржол маңында қараусыз жүрген мал иелеріне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сай ескертусіз, бірден 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 10 АЕК-ке дейін артады. Белгіленбеген жерден теміржолды кесіп өткендерге ескерту жасалады немесе 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер бұл құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, тұлғаға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалауға тура келеді. Осыған байланысты Жолқұдық станциясының маңында да автокөлік жүргізушілеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді.


Жұлдыз Қабылденова