Павлодарда қолжетімді әрі инклюзивті білім беруді дамытуға арналған халықаралық волонтерлер форумы басталды. Үш күнге созылатын ауқымды жиынға 4 елден келген еріктілер мен сарапшылар қатысты. Олар өз елдерінде жүзеге асқан табысты жобаларымен бөлісті. Халықаралық кездесу өңірдегі еріктілер қозғалысына қандай серпін береді?Алдағы сюжеттен білейік.
Форумды Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мен «Кенжекөл жастары» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Шараға Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген делегациялар, сондай-ақ Қазақстанның түрлі өңірлерінен қатысушылар жиналды.
Жаннұр Ахметжанова, Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы
Жалпы форумның мақсаты халықаралық деңгейде волонтерлік бағыттағы тәжірибемен пікір алмасу. Өзіндік идеялар, жаңа жобаларға дем беру, сеп беру. Жалпы бұл орталық үш күндік бағдарламаға сәйкес алаң. Волонтерлік бағыттағы ынтымақтастықты жетілдіріп, нығайтып, осы алаңда жаңа идея мен жобаларды жан-жақты волонтерлік ұйымдарында және қозғалыстарда іске асыру. Оны біз стратегиялық жоспарға қосып, болашақта өзімізге жұмыс барысына іске асырып, қолдануға бейімдеу.
Бүгін форумның іскерлік бағдарламасы басталды. Алғашқы сараптамалық сессия «Инклюзивті білім беруді қалыптастырудағы волонтерліктің рөлі» тақырыбына арналды. Онда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау, еріктілердің қоғамдағы рөлі, инклюзивті ортаны дамыту жолдары және халықаралық тәжірибе талқыланды.
Асель Касанова, форумға қатысушы, ерікті
Біз педагогтер мен жоғары оқу орындарының оқытушыларының кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған бірнеше жобаны жүзеге асырдық. Соның нәтижесінде біліктілікті арттыру бағдарламасы әзірленіп, ол Әзербайжан педагогикалық университетінің білім беру бағдарламасына енгізілді. Сонымен қатар халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Қазір елімізде аутизм спектрі бұзылысы бар және ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдауға арналған арнайы инфрақұрылым қалыптасқан. Біздің мақсатымыз тек жобаларды жүзеге асыру емес, ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізу. Сол үшін түрлі оқыту тренингтерін тұрақты түрде өткіземіз.
Форум аясындағы шаралар алдағы күндері де жалғасады. Қатысушылар үшін Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне арнайы көшпелі бағдарлама ұйымдастырылады. Бұл бастама халықаралық қонақтарға Павлодар облысының туристік әлеуеті мен мәдени мұрасын кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.
Сабина Жолдаспаева