19 қазан құтқарушылардың кәсіби мерекесі. Бұл жанкешті мамандық иелері халықты кез-келген апат түрінен құтқарып қана қоймай, одан сақтанудың да жолдарын үйретеді. Әріптесіміз ғұмырын осы салаға арнаған маманмен жүздесті.
Александр Олегович – осы салада 15 жыл еңбек етеді. Еңбек жолын фельдшер-құтқарушы ретінде бастап, мұқтаж жандарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, талай жанның өміріне араша түсті. Уақыт өте келе, кәсіби шеберлігін одан әрі шыңдап, жаңа бағытқа – су астындағы құтқару жұмыстарына бет бұрды.
Александр Фургонов, Павлодар қалалық ТЖБ құтқару бөлімшесінің жетекшісі
5-6 жыл бойы су астындағы құтқару жұмыстарымен айналысқан соң, менің кәсіби жолым жаңа бағытқа бет бұрды. Қала ішіндегі көлік апаттарының алдын алу және түрлі төтенше жағдайларда көмек көрсетуге бағытталған арнайы құтқару жасақтарының құрамына ауыстым. Бұл кезең мен үшін тәжірибемді кеңейтіп, жаңа дағдыларды меңгеруге үлкен мүмкіндік берді. Әсіресе, альпинистік шеберлігімді шыңдап, биікте жұмыс істеу мен құтқару тәсілдерін жетілдіре бастадым. Әрбір жаңа міндет – кәсіби өсуге серпін беріп, құтқарушы ретіндегі жауапкершілігімді тереңінен сезіндіре түсті. Қызмет жолында кейіпкеріміз әртүрлі техникалар мен құтқару құралдарын меңгеріп, оларды іс жүзінде шебер қолдана білуді үйренген. Ол үшін бұл — тек міндет емес, құтқарушының кәсіби шеберлігінің маңызды бөлігі.
Александр Фургонов, Павлодар қалалық ТЖБ құтқару бөлімшесінің жетекшісі
То есть моблиный помощник для спасателя. Мәселен, бұл техника — құтқарушының мобильді көмекшісі. Оны, әсіресе, орманды алқаптарда немесе жазық далада іздеу жұмыстарын жүргізу кезінде қолданамыз. Ірі габаритті техника өте алмайтын қиын жерлерде осы құрал таптырмас көмек көрсетеді.
Құтқарушы болу – жай ғана мамандық емес, бұл – үлкен жүрек пен мызғымас ерік-жігерді талап ететін өмір салты. Кейіпкеріміздің кәсіби жолы – батылдық пен табандылықтың айқын көрінісі. Әрбір құтқару операциясы – адам өмірі үшін күрес, ал сол күресте әр секунд, әр шешім маңызды.
Байтұрсын Жұмабай