Жастарды қолдау мен олардың кәсіпкерлік әлеуетін арттыру мақсатында Павлодар облысында жыл сайын дәстүрлі түрде «YoProject» облыстық стартап байқауы өткізіледі. Биыл байқауға өңірдің түрлі аудандарынан келген 14 пен 35 жас аралығындағы елуге жуық жас қатысты.
Қатысушылар өздерінің бизнес идеяларын ұсынып, жобаның тұжырымдамасын жан-жақты ашып көрсетті. Сонымен қатар, олар презентациялық бейнероликтер дайындап, төрешілер алдында қорғады. Байқау төрт кезеңнен тұрды.
Биылғы Гран-при иегері — Аяна Искакова. Ол «Skill Time» атты әлеуметтік платформасын қорғады. Бұл жоба арқылы жастар өзара тәжірибе алмасып, тегін тренингтер өткізе алады. Аяна үшін бұл алғашқы әрі сәтті жүзеге асқан жоба болды.
Аяна Искакова, бас жүлде иегері
«Мен Skill Time жобасын қорғадым. Бұл peer-to-peer форматындағы платформа, мұнда адамдар өз дағдыларымен бөлісе алады. Маған әлеуметтік бағыттағы жобалар өте ұнайды, бұл идея өздігінен туындады. Жобаға 1 ай көлемінде дайындалдым, бірақ жеңіске жетем деп ойламадым. Әлі де не болып жатқаныны түсіне алмай тұрмын.
Қазылар алқасы қатысушылар ұсынған жобалардың ішінен ең үздік төртеуін анықтап, қосымша тексеруден өткізуде. Сараптау процесі бірнеше айға созылады. Байқау жеңімпаздарына өз идеяларын жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетілмек.
Дильназ Қуанышбекқызы