Павлодар ауданы жылдан жылға көркейіп, жаңа нысандар бой көтеріп келеді. Биыл өңірде бірқатар маңызды әлеуметтік мәселелер өз шешімін тапты. Бұрын ауылда интернет мәселесі өзекті болса, қазір бұл түйткіл де шешімін тапқан.

Григорьевка ауылдық округінде соңғы жылдары бірқатар игі істер атқарылуда. Қазіргі таңда ауыл ішіндегі жолдардың 80 пайызы асфальтталған. Жаңа медициналық ғимарат тұрғындарға сапалы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар ауылда клуб, мешіт және асхана пайдалануға берілді.Биыл оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектеп маңына жаңа тротуар төселді.

Ауылдық аурухана толық жаңартылып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда акушер, педиатр кабинеттері, күндізгі стационар, жедел жәрдем және дәріхана жұмыс істейді.

Арна Сапина, жалпы тәжірибе дәрігері

Қазір жағдайымыз жақсы, екі жыл бұрын жаңа ғимаратқа көштік. Барлық жабдықтар жаңартылды. Қажетті мамандар жеткілікті, тұрғындарға толыққанды медициналық қызмет көрсетіп отырмыз.

Ем алып жатқан ауыл тұрғындары жаңа аурухананың қызметіне көңілдері толатынын айтады.

Бүгінде ауыл әкімдігі тұрғындармен тығыз байланыс орнатқан. Әлеуметтік желі арқылы азаматтардың өтініштері мен сұрақтарына жедел жауап беріледі.

Бүгінде Григорьевка ауылдық округі – жаңару мен дамудың жарқын үлгісі. Тұрғындардың ауызбірлігі мен биліктің қолдауының арқасында ауылдың ажары артып келеді. Мұндағы әрбір бастама – елдімекеннің болашағына бағытталған маңызды қадам.

Дильназ Қуанышбекқызы