Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының камералық хор ұжымы жаңа маусымдағы алғашқы концертін ұсынды. Кеш шымылдығын ҚР Мәдениет саласының үздігі Мадина Нұрғожинованың «Жаңа тыныс» атты жинағы ашты. Толығырақ тілші әңгімесінде.
«Жаңа тыныс» - хор мен вокалдық ансамбльге арналған a’capella өңдеулер жинағы болып табылады. Бұл павлодарлық музыканттың көп жылғы шығармашылық ізденісінен туған, ұлттық өнерге жаңа леп сыйлаған еңбегі.
Мадина Нұрғожинова, камералық хордың көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет саласының үздігі
Бұл жинақты жиырма жыл бойы ізденіп, жинақтап, жарыққа шығарып отырмын. Ең алғашқы бетінде музыка академиясында студент болып жүргенімде жазған туынды бар. Мұның бәрін біздің хор ғана емес, басқалар да пайдалана алады. Жинаққа «Жаңа тыныс» деген атау берілді. Мұнда барлығына ұнайтын әндер жаңа өңдеуден өтіп жазылған, яғни, әнге жаңаша леп береді.
Жинаққа 20 ән кіреді, оның жетеуі – қазақ халық әндері. Ал, мұнан кейін Мадина Қанатқызы жетекшілік ететін камералық хордың концерті өтті. Көрермендерге классикалық, лирикалық, ностальгиялық шығармалар ұсынылды.
Бағлан Тойбеков, камералық хордың әртісі
Мадина Қанатқызының осындай керемет кітабы жарық көріп жатыр, өте қуаныштымыз. Бұл әрбір музыканттың арманы ғой, өзінің артынан із қалдыру, кітап жазу. Өте қуаныштымыз, әдемі жаңалық біз үшін.
Филармония залына жиналған қонақтар «Қараңғы түнде», «Бәрінен де сен сұлу», «Сүгірдің термесі», «Сағындым ғой» сияқты жүректі тербейтін әуендерді тыңдап, терең сезімге бөленді.
Қымбат Садық