Өңіріміздің энергетика саласында адал еңбек етіп жүрген мамандар аз емес. Солардың бірі – №3 жылу электр орталығының аға машинисі Қуаныш Айтжанов кәсіби шеберлігі үшін «Еңбек Даңқы» орденінің ІІІ дәрежесіне ие болды. Марапатты Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов табыс етті.
Қуаныш Айтжанов жылу электр орталығында 2012 жылдан бері еңбек етіп келеді. Алғаш еңбек жолын турбиналық жабдықтарды бақылаушы машинист болып бастаған. Уақыт өте біліктілігін арттырып, түрлі оқу курстарынан өтті. 2021 жылы турбиналық цехтың 7-ші разрядтағы аға машинисі қызметіне тағайындалды.
Қуаныш Айтжанов, Павлодар қаласы №3 жылу электр орталығының аға машинисі
Энергетикасыз ештеңе болмайды. Бұл – Павлодар облысының басты салаларының бірі. Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының жартысынан астамы дәл біздің өңірде өндіріледі. Әрине, кез келген мамандықтың өз қиындығы бар. Ал энергетикада бәрін дәл әрі қауіпсіз орындау қажет. Әр ауысымда қауіпсіздік ережесін сақтап, әріптестеріңе де бақылау жасау маңызды. Мектеп кезінде мұғалімім маған «Энергетика мамандығын таңда, жарық пен жылу бар жерде жұмыссыз қалмайсың» деген еді. Шынымен де, бұл салада әрдайым сұраныс бар.
Қуаныш Айтжанов күрделі турбиналық жабдықтардың үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етеді. Оның басты міндеті – жабдықты басқару, жылу мен электр қуатының тұрақты берілуін қадағалау. Ол жас мамандарға тәлімгерлік етіп, өз тәжірибесін үйретіп келеді. Көп жылғы еңбегі еленіп, оған «Еңбек Даңқы» ордені табыс етілді. Айтуынша, бұл марапат оның өміріндегі үлкен тосын сый болған. Өзін әлі де жас маман санайтын Қуаныш, алған марапат оған жаңа күш пен шабыт бергенін айтады.
Қуаныш Айтжанов, Павлодар қаласы №3 жылу электр орталығының аға машинисі
Алғаш жұмысқа келгенде, кейде нұсқаулықта жазылғанмен өмірдегі жағдайдың сәл өзгеше болатынын байқадым. Бір қарағанда барлық турбина бірдей көрінеді, бірақ әрқайсысының өз қызығы бар. Бірі уақытылы жұмыс істейді, екіншісі көбірек бақылауды талап етеді. «Еңбек Даңқы» орденін мен 10 қараша күні облыс әкімдігінде алдым. Марапатты облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов табыстады. Шынымды айтсам, күтпеген жағдай болды. 13 жыл аз емес, бірақ өзімді әлі де жас маман санаймын. Бұл жаңалықты естігенде Алматыда еңбек демалысында болатынмын. Қайтып келген соң ғана салтанатты түрде табыс етті. Орден-ел президенті қол қойған мемлекеттік марапат. Бұл – менің алғашқы наградам, әрі соңғысы болмайтынына сенемін.Маған өз жұмысым өте ұнайды. Мүмкін, дәл осы мамандығымды шын сүйгенімнен басқа жерге ауысу ойымда да болған емес.
Энергетика – көзге көрінбейтін, бірақ өміріміздің әр сәтін жарық пен жылумен қамтамасыз ететін маңызды жүйе. Осындай салада күні-түні еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – Қуаныш Айтжанов. «Еңбек Даңқы» ордені – оның көпжылдық еңбегінің лайықты бағасы.
Сабина Жолдаспаева