Өңірдегі экологиялық жағдай қалай?
Өнеркәсіп орындарынан шығатын зиянды қалдықтар, ауаның ластануы және заңсыз қоқыс орындары облыстағы өзекті экологиялық мәселелердің бірі. Өңірдегі экологиялық жағдай қандай? Мамандар қандай заңбұзушылықтарды анықтады? Адағы сюжеттен білейік.
Бүгінде облыста 10 ірі өнеркәсіп орны жұмыс істейді. Өндіріс көлемінің үлкен болуы қоршаған ортаға да әсер етеді. Әсіресе ауаға тарайтын зиянды заттардың басым бөлігі Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларына тиесілі. Бұл үш қалада облыстағы негізгі өндіріс орындары шоғырланған.
Әсет Сыздықов, Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары
Облыстағы шығарындылардың 47,5 пайызы Екібастұз қаласына тиесілі. Ақсу қаласының үлесі 26,1 пайыз, Павлодар қаласының үлесі 23,7 пайыз. Ал облыстың қалған аудандарына 2,7 пайыз келеді. Соңғы жылдары ауаға тарайтын зиянды заттардың жалпы көлемі азайып келеді. Белгіленген шекті мөлшер 900 мың тоннадан асады. Соңғы бес жылда нақты шығарындылар көлемі 60,3 мың тоннаға немесе 8,3 пайызға қысқарды. Ал 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 487,8 мың тоннаны құрады. Биылғы жағдайға нақты баға беру үшін осы көрсеткіштер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырылады.
Мамандар кәсіпорындарда жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізеді. Биыл 64 тексеру ұйымдастырылып, нәтижесінде 81 заңбұзушылық анықталған. Кәсіпорындарға оларды жою жөнінде 64 нұсқама берілді.
Әсет Сыздықов, Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары
Экологиялық заңнама талаптарына сәйкес Павлодар облысындағы 15 кәсіпорын автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізуі керек. Қазіргі уақытта оның 12-сі жүйені орнатты. Ал қалған үш кәсіпорында оны енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал Павлодар тұрғындарын соңғы уақытта қала үстінде жиі байқалатын түтін тұманы алаңдатып отыр. Әсіресе кешкі және түнгі уақытта ауада түтіннің қоюланып, ұзақ сақталатынын тұрғындар жиі айтады. Мамандардың айтуынша, бұған тек ірі өндіріс орындары ғана емес, жеке сектордағы жылыту жүйелері де әсер етуі мүмкін.
Әсет Сыздықов, Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары
Әрине, ірі өнеркәсіп орындарының қоршаған ортаға әсері бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ жеке сектордың да ықпалын ескеру қажет. Әсіресе ұзақ уақыт жанатын қазандықтарды пайдаланатын үйлерден шыққан түтін ауаға кері әсер етеді. Жел соқпай, ауа қозғалысы болмаған кезде түтін тарамай, бір жерде жиналады. Соның салдарынан зиянды заттар ауада қалып, тұрғындар сол ауамен тыныс алады. «Қазгидромет» бақылау бекеттерінің мәліметтері бойынша, жоғары және экстремалды жоғары ластану жағдайлары тіркелмеген.
Экологиялық жағдайға әсер ететін тағы бір мәселе тұрмыстық қалдықтардың белгіленбеген жерлерге тасталуы. Биыл облыс аумағында 118 заңсыз қоқыс орны анықталды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде оның 112-сі тазартылды. Ал қоқысты белгіленбеген жерге тастаған 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сабина Жолдаспаева