Павлодарда еркін күрестен халықаралық турнир өтті
Павлодарда Қазақстан және Қырғызстанның ең үздік жас палуандары жиналды. Қаламызда Жұматай Кенжеғалиевті еске алуға арналған еркін күрестен дәстүрлі халықаралық турнир өтті.
«Бірлік» жекпе-жек сарайында еркін күрестен КСРО спорт шебері, Қазақстан чемпионы Жұматай Кенжеғалиевті еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир биыл 23-рет ұйымдастырылған. Кілемде Қазақстанның барлық өңірінен және Қырғызстан Республикасынан келген палуандар шеберлік байқасты. Бұл жарыс талай мықтыларды тәрбиелеген. Кеше сайысқа түскен балалар, осы күні беделді спортшылар мен бапкерлер қатарында қызмет етуде.
Саятбек Оқасов, Азия ойындарының қола жүлдегері
Біздің жас палуандарымызға үлкен тәжірибе. Шеберліктерін шыңдап жатыр. Азия жүлдегерлері келіп жатыр. Біз де кезінде бұл турнирге қатысқанбыз. Екі рет күрескенмін өзім. Қуантарлық жағдай, облыстық күресі дамып жатыр. Дамуы үшін осындай жарыстар көбірек ұйымдастырылу керек.
Бозкілемде 2010, 2011 және 2012 жылы жас балуан бақ сынады. Алаң иелері үшін турнир екі есе жауапты.
Ислам Акалканов, жарысқа қатысушы (Павлодар қаласы)
Қарсыластар жақсы. Қатты күреседі. Азия чемпионы келді. Турнир өте жақсы. Дайындық жасамдым. Жұматай Кенжеғалиев турнирі мықты деп айтты маған. Сен күресесің деп сенім артты, мен дайындық істедім.
Бірнеше жыл бойы Жұматай Кенжеғалиевті еске алу турниріне Қырғызстанның Бішкек қаласының командасы қатысуда. Бауырлас елдің бапкерлері турнир деңгейін атап өтіп, жас палуандар арасындағы бәсекенің жоғары екендігін алға тартты.
Азамат Асанбеков, еркін күрестен жаттықтырушы (қырғызстан)
Турнир деңгейі өте жоғары. Палуандар жас болса да, дайындықтары мықты екен. Бішкектен өз жастарымызды тәжірибе жинауға әкелдік. Бірінші рет емес, алыңғы жылдары келдік, бәрі ұнады. Екі елде күрес стильдері әртүрлі ғой. Жаңа тактика, жаңа айла-тәсілдерді үйренді. Бұл жастағы балалар үшін тәжірибе жинау маңызды.
Турнир өңірлер арасындағы спорттық байланысты нығайтып, еркін күрестің жас буын арасында кеңінен дамуына ықпал етеді. Ал Жұматай Кенжеғалиевтің есімін ұлықтау оның өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа таныту үшін аса маңызды.
Дархан Бекишев