Негізгі Жаңалықтар Күй өнерінің жас шеберлері

Күй өнерінің жас шеберлері

Павлодар қаласындағы Оқушылар сарайында «Күй шебері – 2026» облыстық домбыра ансамбльдерінің байқауы өтті. Шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Өнер додасына өңірдің білім беру ұйымдарынан 40-қа жуық домбыра ансамблі қатысты.


Байқауға Павлодар қаласымен қатар, облыстың аудандары мен ауылдарынан да өнерпаздар келді. Қатысушылар үшін «Күй шебері» жаңа тәжірибе жинап, өз өнерін шыңдайтын мүмкіндік. Олардың айтуынша, мұндай шығармашылық кездесулер сахнада өзін еркін ұстауға, ансамбльмен бірлесе жұмыс істеуге және орындаушылық деңгейін жетілдіруге көмектеседі.

Ботагөз Рамазанова, Баянауыл ауданының Ш. Айманов атындағы ЖОББ мектебінің оқушысы

Мен домбырамен 2 жыл айналысамын. Қызығушылығым өзімнің үлкен атамнан пайда болды. Үлкен атам домбыра тартқаннан кейін, атамның жолын қуып домбыраға бардым. Біз бұл байқауға «Тепеңкөк» күйін алып келдік. Оның шығу тарихын айтатын болсам, бір адам тұлпарын бәйгеге дайындап, әрі бері жүретін. Соны көрген домбырашы тамсанып, осы күйді шығарған болатын. Ансамбльда 9 адам бар. Біз жарты жыл, 1 жылдай дайындалдық.

Асылбек Едіге, Б. Момышұлы атындағы ЖОББ мектебінің оқушысы

Былтыр да қатысып, екінші орын алдық. Биыл да келіп, бірінші орын аламыз деген үміттеміз. Біз фальклорлық ансамбль болғандықтан домбырамен қатар үрмелі аспаб сазсырнай мен кахон қосамыз. Жалпы мен өзім домбырамен 4 сыныптан бастап 5 жыл айналысмын. Дайындыққа шамамен 1 ай кетті барлығын өңдеп, дайындап болғанша.

Бұған дейін жеке орындаушылар бақ сынаса, биыл домбыра ансамбльдері арасында өтуде. Әр ұжым қазылар алқасына бір күйден ұсынды.

Батырбек Сәрсебеков, М. Катаев атындағы оқушылар сарайының «Мұрагер» домбыра үйірмесінің жетекшісі

Облыс көлемінде 40 шақты үйірмелерден ансамбль келді. Былтыр аз болған. Биыл көңіл толатындай жиналды. Былтыр біздің «Мұрагер» домбыра үйірмесі бірінші орын алды. Сонда үлкен топпын қатысты, биыл кіші топпен қатысып жатыр. Бұл жерде топтарға да бөлеміз. Кіші, орта, үлкен топ деп. Оларға да жеке-жеке баға беріледі.

Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған ансамбльдер дипломдармен марапатталады. Сондай-ақ олардың арасынан іріктелген өнерпаздар республикалық деңгейдегі байқауға дайындалмақ.

Сабина Жолдаспаева




Бөлісу