Облыс әкімі іссапармен Екібастұзда болды
Екібастұз
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласына барып, өңірдегі бірқатар жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Жұмыс сапары кезінде ауылдағы спорт инфрақұрылымының кеңеюі, қала тұрғындарын баспанамен қамту және жылу электр орталығындағы құрылыс мәселелері қаралды.
Аймақ басшысының іссапары Екібастұзға қарасты Бәйет ауылындағы жаңа спорт кешенінің ашылуынан басталды. Бұған дейін елді мекен тұрғындары спортпен шұғылдану үшін арнайы ғимаратқа қол жеткізе алмаған. Енді 800 шаршы метрден астам аумақты алып жатқан кешенде бірнеше спорт бағыты бойынша жаттығуға мүмкіндік бар. Ғимаратта спорт залдарымен қатар медициналық кабинет, киім ауыстыратын орындар, жаттықтырушылар мен әдіскерлерге арналған жұмыс бөлмелері бар. Облыс басшылғы тарапынан балаларға 1 миллион теңгеге ақшалай сертификат және спорт жабдықтары сыйға табысталды.
Азамат Смағұлов, Екібастұз қаласы №3 БЖСМ басшысы
Біздің спорт кешенімізде қазақ күрес, баскетбол және волейбол бар. Қазақ күресімен 52 бала айналысады. Волейбол, баскетболмен 40 баладай тіркелген. Облыс әкіміне алғым білдіреміз, енді ауылда болашақ чемпиондарымыз шығады деген үміттеміз. Бірінші жаттығуымызды жасадық. Балалар мәз, көздері ашылып, шын ниетпен көрдім ғой.
Бүгінде ауылдағы 120 оқушы спорт секцияларына тұрақты қатысады. Басым бөлігі қазақ күресін таңдаған. Бұрын олар елді мекен мектебінде дайындық жүргізіп, қалалық және облыстық жарыстарда жоғары нәтижеге қол жеткізген. Енді жаңа кешеннің арқасында жетістіктер арта түспек.
Әли Төлеген, қазақ күресінен Азия кубогының күміс жүлдегері
Спорт кешені ашылуы балалар үшін мүмкіндік. Себебі бұрын олар мектеп жертөлесінде жаттығатын. Соған қарамастан жиырма бес бала күнде келіп жаттығатын. Кішкентай залдан талай чемпиондар шыққан. Енді үлкен дене шынықтыру кешені ашылып, олар үлкен жетістіктерге жетеді деген ойдамыз.
Одан кейін облыс әкімі Екібастұзда жаңа баспана иелеріне пәтер кілттерін табыстады. Әуезов көшесінде пайдалануға берілген тұрғын үйден 31 отбасы баспаналы болды. Олардың арасында көпбалалы жанұялар мен тұрғын үй кезегінде ұзақ уақыт тұрған азаматтар бар.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Жылдың аяғына дейін тағы елу отбасы осы үйлерге кіретін болады. Біз үшін маңызды, жүйелі жұмыстардың бірі. Қадірлі жерлестер, қатарларыңызда осы кезекте он бес жылдай кезекті тұрған азаматтар бар. Сондықтан сабырлық пен шыдамдылық үшін шынайы алғысымды білдіремін.
Қоныс тойын атап өтушілердің бірі – Жұлдыз Жұмабаева. Ол балабақшада аспаз болып қызмет етеді. Баспана алу үшін 13 жылдан аса кезек күткен. Бүгінде отбасы үш бөлмелі пәтердің иесі атанды.
Жұлдыз Жұмабаева, Екібастұз қаласының тұрғыны
Үй кезегінде 13 жыл бойы тұрдым. Өте қуанышты күн. Көптен күткен баспанаға қол жеткіздім. Кілтті алып жатырмын. Барлығына рахмет. Өте қуаныштымын.
Сондай-ақ сапар барысында Екібастұздағы жылумен қамту жағдайы бағаланды. Асайын Байханов жылу электр орталығында болды. Қазіргі уақытта кеншілер қаласындағы маусым қалыпты өтіп жатыр, 710 көпқабатты тұрғын үй жылу жүйесіне толық қосылған. Жылу орталығында биыл бірнеше қазандықта жөндеу сәтті өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар келер жылы жалғасады.
Жылу электр ортылғында 560 маманға қызмет көрсетуге арналған ғимарат салынуда. Жоба бойынша ерлер мен әйелдерге арналған жеке киім ауыстыру және жуыну бөлмелері, медициналық кабинеттер, дәрігер қабылдау бөлмесі және қызметкерлердің уақытша тынығуына арналған орындар жабдықталады. Нысанды көктемде қолданысқа беру жоспарлануда.
Дархан Бекишев