Өңір оқушылары республикалық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Мойылды ауылындағы №38-ші мектептің оқушысы, 13 жастағы Имран Кусанов республикалық олимпиадада информатика пәнінен топ жарып, ең жас жеңімпаз атанды.
Имран Кусанов Мойылды ауылының 7-сынып оқушысы. Ол бастауыш сыныптан компьютерлік бағдарламалау мен математикаға ерекше қызығушылық танытып келеді. Әсіресе, информатика пәнінде алгоритмдік есептерді тез әрі дәл шешуімен көзге түсті.
Имран Кусанов, Мойылды ауылының №38 мектебінің 7-сынып оқушысы
Мен үшінші сыныптан бастап информатикаға қызығушылығым болды. 4-5 сыныпта мұғалім маған олимпиалалар туралы айтқан еді. Содан қатыса бастадым. Мен қосымша сабақтарға келемін түстен кейін. Кешкі алтыға дейін, кейде жетіге дейн де отырамын. Есеп шығарамын.
Биыл Имран республикалық деңгейдегі ауылдық олимпиадаға қатысып, 9-сынып оқушыларымен бірдей сынға түсті. Ол барлық тапсырманы дұрыс орындап, информатика пәнінен бірінші орынды иеленді. Қазылар алқасы оның ойлау қабілеті мен күрделі есептерге тың шешім таба білуін жоғары бағалады.
Имран Кусанов, Мойылды ауылының №38 мектебінің 7-сынып оқушысы
Түрлі адамға бірдей есеп берілді. Сосын бізде 2 тур болды. 2 тур бойынша қазылар алқасы қорытынды шығарып, орындар берді. Біз есеп шығардық, мектепте өткен 1,2 тур бойынша 4 сағат бойы есеп шығардық.
Имран олимпиадаға 5-сыныптан қатысып келеді. Бұған дейін де бірнеше рет жүлдегер атанып, екінші және үшінші орындарды жеңіп алған. Жас бағдарламашының жетістігіне үлес қосқан ұстазы информатика пәнінің мұғалімі. Оның педагогикалық еңбек өтілі 18 жыл.
Ертай Соян, Мойылды ауылының №38 мектебінің информатика пәні мұғалімі
Имран маған 3 сыныптан цифрлық сауаттылаққа келді. Қызығушылық танытты. Сол баламен ақырындап жұмыс жасай бастадық. 2 жылдан кейін қалалық, облыстық кезеңдерге қатысып жүрді. Ең негізгі жоғары нәтижесі 6 сыныпта ауыл мектептерінің арасында пән олимпиадасында былтыр 3 орын алды. Соған байланысты өзін әрі қарай жетілдіріп, дамыту арқылы биыл бірінші орынға ие болып отыр. Өзінің қызығушылығы жоғары. Әлі де жетістіктері бар, үмітіміз бар. Алда енді жасөспірімдер арасындағы республикалық, облыстық олимпиадалар бар. Содан енді дәрежелі орындар алсақ, биылғы оқу жылын жақсы жетістікпен аяқтадық деп есептесек болады.
Қазір жас дарын алдағы білім сайыстарына дайындықты жалғастыруда. Ұстаз бен шәкірт жүйелі дайындық арқылы нәтижені одан әрі жақсартуды көздейді.
Сабина Жолдаспаева