Енді павлодарлықтар Астанаға автобуспен қатынай алады. Павлодар–Астана бағыты бойынша жаңа автобус маршруты іске қосылды. Бұл шешімнің қабылдануына не себеп болды? Билеттердің бағасы қанша? Толығырақ келесі сюжеттен көрейік.
Қыстың қақаған аязында республикалық маңызы бар жолдар жиі жабылып, көптеген тұрғындар діттеген жеріне жете алмай жатады. Сонымен қатар әуе рейстерінің де уақытша шектелуі жолаушылар үшін қиындық туғызуда. Осыған байланысты Павлодар мен Астана қалаларының арасында автобус қатынасы қайта жанданды. Аталған бағыттағы автобус 29 желтоқсаннан бастап жолға шықты.
Ермек Сәрсенбаев, Павлодар облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы
Қазіргі таңда қыс мезгілінде жолдардың жиі жабылуы және әуежайда жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты Павлодар–Астана бағыты бойынша автобус қатынасы іске қосылды. Бұл бағытты уақытша негізде №1 автобус паркі қызмет көрсетуде. Автобус Павлодар қаласынан таңғы сағат 7:00-де шығып, Астана қаласына шамамен түскі сағат 16:00-лерде жетеді. Жол жүру уақыты орта есеппен 6 сағатты құрайды. Алдағы уақытта конкурс жарияланып, тасымалдаушы анықталған соң, егер талаптарға сай келсе, маршрутқа 5 жыл мерзімге келісімшарт жасалатын болады. Бұл бағыт тұрақты түрде қызмет көрсетеді деп жоспарланып отыр.
Билеттің құны – 4000 теңге, ал балаларға арналған билет бағасы 2000 теңге. Автобус 47 жолаушыға арналған. Билеттерді Павлодар қаласындағы сапаржай кассасынан немесе pavlodar-vokzal.kz сайты арқылы онлайн түрде сатып алуға болады.
Дильназ Қуанышбекқызы