Павлодарда қала тұрғындарына арналған тегін қазақ тілі курсы басталады. Жыл сайын ұйымдастырылатын тегін курстар мемлекеттік тілді меңгергісі келетін азаматтарға арналған. Сабақтар ыңғайлы кесте бойынша аптасына екі рет өтеді. Биыл да бұл бастама жалғасын тауып, 1 ақпаннан бастап 21 мен 61 жас аралығындағы тұрғындар үшін кезекті оқу курсы өз жұмысын бастайды.

Үш айға жоспарланған курс барысында тыңдаушылар қазақ тілінің күнделікті қолданыстағы негіздерін меңгеріп, еркін сөйлесуге қажетті дағдыларды қалыптастырады. Оқу бағдарламасы әр жастағы және әр салада еңбек ететін азаматтарға бейімделген.

Мейрам Нұғыман, Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі

Бұл мемлекеттік тілдерді дамыту мен қолданудың бұған дейінгі мемлекеттік бағдарламаларда қарастырылған болатын. Қазіргі ҚР тіл саясатының 2023-2029 жылдарға арнаған тұжырымдамасында көзделген. Негізгі мақсат ҚР мемлекеттік тілін қазақ тілін білмейтін азаматтарға оқып, үйрету. Биылғы жыл дәстүрдегідей курс 3 айлық болады. 1 ақпаннан бастап, ақпан, наурыз, сәуір айларында жүргізіледі.

Мемлекеттік тіл саясаты аясында жүзеге асатын бұл курс – қазақ тілін үйренгісі келетін азаматтарға жасалған нақты қолдау. Курсты толық аяқтаған тыңдаушыларға арнайы сертификат табысталады.

Мейрам Нұғыман, Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі

Жас мөлшеріне келетін болсақ, 21-61 жасқа дейінгі аралықта азаматтар қамтылады. Бұл жерде жұмыс істеп жүрген азаматтар болады. Әртүрлі кәсіпорындарда, әртүрлі салалар бойынша қызметкерлер осы курсты оқып, өтуге мүмкіндік болады. Бұл бір жағынан қазақ тілін дамыту болса, екінші жағынан тіл үйренушілерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндік. Сондықтан қала тұрғындарын осы курсқа қатысуға шақырамыз, қатысып, мемлекеттік тілді меңгеруге арналған курсты үйренуге мүмкіндікті босатып алмаңыздар деп айтқым келеді.

Курсқа түрлі салада еңбек ететін қала тұрғындары қатыса алады. Бұл – жұмыс пен оқуды қатар алып жүруге мүмкіндік беретін, қолжетімді әрі пайдалы жоба. Мамандар павлодарлықтарды осы мүмкіндікті пайдаланып, мемлекеттік тілді меңгеруге шақырады.

Сабина Жолдаспаева