Былтыр өңірде түн тыныштығын бұзу дерегі бойынша 6 мыңнан астам шақырту тіркелді. Көбіне тұрғындар көршілерінің шу шығаруына байланысты полицияға хабарлаған. Қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Өткен жылы 102 қызметіне тыныштық бұзу туралы 6 мыңнан астам қоңырау түскен. Тұрғындар көбіне түнгі уақытта шу шығарған көршілеріне шағымданады. Құқық бұзушылардың негізгі бөлігі түн ортасында қатты сөйлеп, жанжал шығару, музыка дыбысын қою немесе жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы қоғамдық тәртіпті бұзған. Мәселен, облыс орталығында тұрғындардың бірі кешкі уақытта пәтерінде күрделі жөндеу бастап, уақыттың кеш екенін ескермеген. Түнгі сағат 23:00-ден кейін көршілер полицияға хабарласып, нәтижесінде азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы бір жағдайда көпқабатты үй тұрғыны түн ортасында музыканың дыбысын тым қатты қосып, ескертулерге құлақ аспаған. Полиция қызметкерлері мұндай деректер бойынша күн сайын профилактикалық жұмыстар жүргізіп, заң талаптарын түсіндіруде. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін тыныштықты бұзуға қатаң тыйым салынады.

Сабина Жолдаспаева