Павлодарлық ұстаз әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинап, ТМД кеңістігіне танымал болды. Креативті бейнесабақтарымен көзге түскен педагог Игорь Гноевой қысқа уақыт ішінде интернет жұлдызына айналды. Қазіргі таңда оның блогын 350 мыңнан астам адам тұрақты түрде қарайды.
Бастапқыда неміс тілі мұғалімі болуды армандаған Игорь Гноевой мамандыққа сұраныс аз болған соң бастауыш сыныпты таңдаған. Ол бұл шешімін өміріндегі ең дұрыс қадамдардың бірі деп санайды. Павлодарское ауылындағы мектепте 10 жылдан бері еңбек етіп жүрген ұстаз ауыл мектебін даму үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашық екенін дәлелдеп жүр.
Игорь Гноевой, бастауыш сынып мұғалімі
Маған сабаққа дайындалу ұнайды. Шығармашылықпен айналысу, бәрін ойлап табу, құрастыру қызық. Ал есептер мен қағазбастылықты ұнатпаймын. Мен іс жүргізуші де, кадр маманы да емеспін – мен мұғаліммін. Ішімде бір от жанып тұрады, мен балалармен жұмыс істегім келеді.
Ол түсіретін бейнероликтер сабақ үстінде туындайды. Қызықты сұрақ немесе ерекше сәт бірден видеоға айналады. Барлық түсірілімдер ата-аналардың келісімімен жүзеге асады. Керісінше, ата-аналар бұл бастаманы қолдап, балалардың білімге деген қызығушылығы артқанын айтып отыр. Оқушылар да мұғалімдерінің еңбегін жоғары бағалайды.
Екі жылдың ішінде мұғалімнің бейнероликтері 3-4 миллион қаралым жинаған. Оның контентін тек оқушылар ғана емес, жас мамандар, ата-аналар мен үлкен буын өкілдері де көреді. Блогта оқу материалдарымен қатар психология, ұстаздарға арналған кеңестер де бар.
Игорь Гноевой, бастауыш сынып мұғалімі
Мен мұндайды ешқашан армандаған да, ойлаған да емеспін. Бұрын бір фото немесе видео жариялауға ұялатынмын, сыннан қорқатынмын. «Бұл әдемі емес, дұрыс емес» деп жазады деп ойладым, қатты шектеулер болды. Бірақ министрлік ұйымдастырған конкурс арқылы TikTok-та алғашқы видеомды жарияладым. Аудитория мені қолдап, алға шығарды. Мінезім шыңдалды. Ал екі жылдан кейін осындай үлкен нәтижеге жетіп, қазір керісінше өзімді мақтан тұтамын.
Танымалдыққа қарамастан, Игорь Гноевой мектептен кетуді ойламайды. Ол өзін ең алдымен мұғалім деп санайды. Бүгінде оны білім беру саласындағы медиа тұлға ретінде танып жатыр.Педагогтың бұл жолы – өз ісіне деген сүйіспеншілік пен заман талабына бейімделе білудің жарқын үлгісі. Ал ең бастысы – мектепке қуана баратын, білімге құштар балалар үшін ұмытылмас оқу жылдары.
Дильназ Қуанышбекқызы