Павлодарда жарты ғасырлық ғұмырын Ертіс өңірінің тарихын жинап, сақтауға арнаған қаламгер рухына тағзым жасалды. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде тарихшы әрі өлкетанушы Эрнест Соколкиннің туғанына 90 жыл толуына арналған «Музей ісінің патриархы» атты еске алу кеші мен ашық көрме өтті.
Залда оның ең сүйікті әндерінің бірі шырқалып тұрды. Ал көрмеге қолжазбалары, кітаптары, жеке фотосуреттері мен құрметті марапаттары қойылды. Шарада жиналған қауым Эрнест Дмитриевич Соколкинді жылы естеліктермен еске алынды. Тарихшы әрі өлкетанушы туған өлкесін зерттеуге шамамен 50 жылын арнаса, оның 40 жылын облыстық тарихи-өлкетану музейінде еңбек етуге жұмсады. Көрме экспозициясы облыстың өткен тарихынан сыр шертіп, Қазақстан, Ресей және ТМД-ның өзге де елдерінің архивтерінде еңбек еткен Эрнест Соколкиннің жүріп өткен жолын айқын көрсетеді. Әріптестері оны аңыз адам деп атап, терең білімді, кәсібіне айрықша адал жан ретінде еске алады.
Виктор Мерц, Торайғыров университеті археологиялық зерттеулер орталығының жетекшісі
Біз ұзақ уақыт бірге жұмыс істедік, он жылдан астам уақыт бойы қатар отырдық. Ол қор бөлімінде отырды, мен археологиялық зертханада болдым, 2000 жылға дейін осылайша тығыз байланыста еңбек еттік.
Бұл, сөзсіз, ғажайып, бірегей тұлға. Қазір ондай адамдар жоқ.
Эрнест Соколкиннің ғылыми еңбектері зерттеушілер мен журналистердің қолынан түспейтін еңбектерге айналды. Оның материалдары жылдар бойы өңірлік баспасөзде жарияланып, жаңа зерттеулерге негіз болды. Бүгінде тарихшының ісі өз жалғасын тауып, оны музей қызметкерлері мен қор бөлімінің мамандары жалғастырып келеді.