Елімізде сотталғандардың әлеуметтеніп, еңбекке араласуына назар аударыла бастады. Өмірде жаза басып, мерзімін өтеп жатқан азаматтардың өмірден қайтадан орын табуына жағдай жасалуы керек дейді Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай.

Еліміздің басты байлығы адам және оның өмірі. Жаза мерзімін өтеп жатқан азаматтардың өмірге бейімделіп, қоғамның толыққанды мүшесі болуына жағдай жасау баршасының міндеті. Бұған мемлекет те жіті назар аудара бастады.

Жарқынбек Амантай, ҚР парламенті мәжілісінің депутаты

Елімізде қылмыстық атқару жүйесінде көптеген күрделі мәселе бар. Орын тапшылығы, инфрақұрылымның ескіруі, қаржылық қиындықтар бар. Жазасын өтеуші азаматтардың жұмыс жасап, айыппұлын өтеп, тіпті, отбасына көмектесуіне мүмкіндік туып жатуы өте керек дүние. Екібастұзда жазасын өтеп жатқандардың дені абайсызда құқық бұзғандар. Жол апаты сияқты басқа да ешкім сақтандырылмаған жағдайлардан жаза басқандар. Ол азаматтар қоғамға қауіпсіз азаматтар. Олардың еңбекке араласып, әлеуметтенуі біздің қоғам үшін аса маңызды.

Бұл тұрғыда көпке үлгі болып отырған кәсіпорындар бар. Сотталғандарды тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, кейінгі өмір жолының қалыптасуына ықпал етуде. Бұндай бастамалар әрқашан қолдауға тұрарлық дейді депутат.