Павлодар қаласының прокуратурасы жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп «Құқықтық дәріхана» акциясын өткізді. Онда қала тұрғындары түрлі құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

Бұл акция тұрғындар мен мамандарды бір алаңға жинап, әр азаматқа маңызды құқықтық мәселелерді түсінуге мүмкіндік берді. Қала тұрғындары өз сұрақтарын қойып, прокуратура, полиция, әділет органдарының, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен тікелей кеңес алды.

Асыл Есентұр, Павлодар қаласы прокуратурасының прокуроры

Бұл құқықтық акция халыққа қызмет көрсетуге және құқықтық кеңес беруге бағытталды. Бүгін 60-тан астам азамат келіп, біздің заңгерлерден, жергілікті атқарушы органдардың мамандарынан, әділет органдарының өкілдерінен, сондай-ақ құқық қорғау органдарының, оның ішінде прокуратура мен полиция қызметкерлерінен кеңестер мен құқықтық ұсыныстар алды».

Акция өңір тұрғындары арасында мұндай бастамалардың қаншалықты сұранысқа ие екенін көрсетті. Қала тұрғындары белсенді түрде түрлі сұрақтар қойып, қажетті көмек алды. Мамандар әр азаматқа жан-жақты түсіндірме беріп, күрделі мәселелерді тарқатып, тәжірибелік кеңестер ұсынды.

Асыл Есентұр, Павлодар қаласы прокуратурасының прокуроры

«Жалпы алғанда, бүгінгі акция оң нәтиже көрсетті. Көптеген өтініштер қаралып, заңнама нормалары түсіндірілді. Бұған дейін осындай акцияны қыркүйек айында Павлодар аудандық прокуратурасы, Павлодар қалалық, сондай-ақ Павлодар облыстық прокуратураның құқықтық статистика комитетінің қызметкерлері өткізген болатын. Ал өткен акциямен салыстырғанда, бүгінгі күн Павлодар қаласы мен өңір тұрғындарының осындай іс-шараларға қызығушылығы артқанын көрсетті. Осыған байланысты алдағы уақытта мұндай шараларды жиі өткізуге ниеттіміз».

Уақтылы берілген кеңес азаматтар үшін күрделі мәселелерді түсіну үшін, заңдық тұрғыда өздерін қорғай алу үшін тиімді көмек.

Жанасыл Серікбол