Ертіс ауданында өрттен зардап шеккен отбасыға үш бөлмелі пәтер беріледі. Аудандық әкімдіктің хабарлауынша тұрғын үй коммуналдық меншікте болмақ.

Қажетті жиһаз, киім-кешек және тұрмыстық заттар сатып алынды. Сондай-ақ жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта отбасымен психологтар жұмыс істеуде, – деп атап өтті әкімдікте. Қайғылы оқиғадан кейін жергілікті билік өкілдері мен жауапты қызметтер оқиға орнына барды. Әкімдіктің мәліметінше, отбасы Ертіске екі жыл бұрын көшіп келген. Анасы Ақтоғай ауданында еңбек етеді. Жұмысқа автобуспен қатынайды. Еске сала кетейік, өрт аудан орталығында болған. 50 шаршы метр аумаққа шарпыған. Тілсіз жаудан 4 бала зардап шекті. 2 бала көз жұмды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 2010 жылы туған жасөспірім денесінің қол саусақтарын күйік шалды. Жағдайы тұрақты, травматология бөлімшесіне жатыр. Ал 2015 жылы туған екінші бала аса ауыр халде, жан сақтау бөлімінде жатыр.

Дильназ Қуанышбекқызы