Павлодарлық «Ертіс» футбол клубы алдағы маусымға дайындықты бастады. 23 қаңтар күні команда Түркияның Белек қаласында алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Бұл кезеңде команданың нақты құрамы белгілі болады.
Оқу-жаттығу жиынына «Ертіспен» келісімшарты бар ойыншылармен қатар, қаралымға шақырылған футболшылар да қатысады. Бас бапкер, беларусьтік маман Кирилл Альшевский бастаған жаттықтырушылар штабы жас ойыншыларға да мүмкіндік беруді жоспарлап отыр. Павлодар футболының түлектері негізгі құрамға үміткер ретінде сыннан өтеді. Командаға қосылуы мүмкін жаңа ойыншыларға қатысты нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Дегенмен, бірнеше футболшының есімі аталды. Олардың қатарында Ганалық қорғаушы Ибрагим Фарде Минск қаласының «Динамо» клубынан, беларусьтік ойыншылар Руслан Хадаркевич «Атырау» клубынан, Владислав Климович пен Данил Нечаев «Торпедо-БелАЗ» клубынан бар. Сондай-ақ қазақстандық футболшылармен де келіссөздер жүргізілуде. Олар бұрын «Ертіс» сапында ойнаған жартылай қорғаушы Аслан Дарабаев және «Оқжетпес» клубының қорғаушысы Санжар Сатанов. Белек қаласындағы оқу-жаттығу жиыны 26 ақпанға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында команда бірнеше бақылау матчтарын өткізеді.