Негізгі Жаңалықтар «Ертіс» ФК ресми түрде басқарудың коммерциялық моделіне көшті

«Ертіс» ФК ресми түрде басқарудың коммерциялық моделіне көшті

Мемлекет басшысы былтыр отандық кәсіби футбол клубтарын коммерцияландыру қажет екенін айтқаны белгілі. Осылайша павлодарлық «Ертіс» футбол клубы коммерциялық басқару моделіне ауысты. Аймақ басшысы жаңа инвесторлармен тиісті меморандум бекітті. Толығырақ әріптесім баяндайды.



Әлемдік тәжірибеде кәсіби командалар демеушілік, маркетинг, медиа құқықтар және жеке инфрақұрылымды дамыту арқылы қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізеді. Осы бағытты ұстанған Павлодардың «Ертіс» футбол клубы жаңа кезеңге қадам басты.

Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылы қаржылық қиындықтарға байланысты жарыстарға қатысуды тоқтатқан клуб 2022 жылы банкрот деп танылған еді. Кейін, 2023 жылы қайта жанданып, екінші лигадан Премьер-лигаға дейінгі қиын жолды жүріп өтті.

Өңір басшысы Асайын Байханов жаңа басқару моделі тың мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті. Өзгерістер клубтың әрі қарай да тұрақты дамуына, жеке инвестиция тартуға, Премьер-лигадағы позицияны нығайтуға және өз тәрбиеленушілерін даярлауға негіз болмақ.

Клубты инвесторларға беру алдында оның мүлкіне бағалау жүргізіліп, қажетті рәсімдер толық аяқталды. «Ертістің» инвесторлары қатарына үш ұйым енді: «Павлодар өзен порты» АҚ – 50%, «RR-CAPITAL» ЖШС – 25% және «Біріккен жеміс-көкөніс компаниясы» ЖШС 25%-ға ие болды. Алдағы уақытта олар қаржыландыру, инфрақұрылымды, негізгі және жастар командаларын дамыту бойынша ұзақ мерзімді міндеттемелер алады. Жыл сайынғы инвестиция көлемі кемінде 1,5 млрд теңгені құрайды.

Азамат Нығматов, «Павлодар өзен порты» АҚ өкілі

Өзіміз Павлодардың тумасы, «Ертістің» жанкүйеріміз. Сондықтан командамызға қолдау көрсеткіміз келеді. Бәрі сәтті болады деп үміттенеміз.

Саят Омаров, «RR-capital» ЖШС өкілі

Сегізінші сыныпта оқып жүрген кезімде сыныптастарыммен бірге «Ертістің» ойындарына келетінбіз. Сол уақытта олар чемпион болды. Міне, біршама уақыт өткен соң, сүйікті футбол клубымыздың қайта жанданып, чемпион атануына үлесімізді қоспақпыз. Павлодарда еңбек етіп жатқандықтан, осындағы футболды дамыту және команданы бұрынғы биігіне қайта көтеруге атсалысуды мақсат етіп отырмыз.

Мирас Бейсембаев, «Біріккен жеміс-көкөніс компаниясы» ЖШС өкілі

«Ертіске» бұрыннан бері жанкүйерлік етемін. Клубымызға көмектесу мүмкіндігі берілгеніне қуаныштымын. Оларға әрқашан қолдау көрсетеміз.

Жаңа стратегия аясында әйелдер және балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағыттарға мемлекет тарапынан қолдау жалғаса береді. Сондай-ақ, алдағы жылдан бастап 200 жас спортшы білім алатын футбол академиясы ашылса, 2028 жылы өңірде 25 мың көрерменге арналған жаңа заманауи стадион бой көтермек.


Жұлдыз Қабылденова


Бөлісу