Қалада көктайғақ салдарынан жарақат алғандар саны артты. Ауа райының құбылуына байланысты көшелер мен жаяу жүргіншілер жолын мұз басқан. Соның салдарынан тұрғындар жиі құлап, жарақат алуда.

Тәулігіне жарақат бөліміне шамамен 60 адам жүгінеді. Оның тең жартысы көктайғаққа байланысты. Бес күннің өзінде 150 адам медициналық көмекке жүгінген. Ал кейінгі екі күнде 50-ден астам сүйектің сынуы тіркелді. Алты адам ауруханаға жатқызылды.

Дәурен Смағұлов, Павлодар қалалық №1 ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері

Көп жағдайда науқастар аяқтың тобық сүйегінің, қолдың сүйегінің сынуымен және байламдардың үзілуімен келеді. Барлығы дерлік – көшеде тайып құлаған адамдар. Қабылдауға келген кезде тексеру жүргізіледі. Егер сүйек сынуы анықталса, науқас ауруханаға жатқызылады. Қажетті ем-дом көрсетіледі. Мәселен, екі күн бұрын 1990 жылы туған қыз Алматы қаласынан туыстарына қонаққа келген. Көшеде тайып құлап, екі тобығын сындырған.

Қала тұрғындары жолдарға тұз немесе құм себу қажет деп айтады. Дегенмен көпшілік ең алдымен әр адам сақтық шараларын қатаң сақтауы керек деген пікірде.

Дәрігерлер кез келген жарақатқа бейжай қарамауға шақырады. Құлап қалған жағдайда бірден медициналық көмекке жүгіну қажет. Ақ халаттылар ыңғайлы аяқ киім киіп, мұзды жерлерді айналып өтуді ұсынады.

Сабина Жолдаспаева