Павлодар облысының өзен-көлдерінде балықтың 30-дан астам түрі бар. Қыс мезгілінде мұздың қатып, суға ауа жетпеу салдарынан кейде олар қырылып жатады. Оның алдын алу мақсатында аэрация жұмыстары жылда жасалады.

Павлодар облысында жалпы 400-ге жуық көлдер бар. Олардың біразында қаңтар-ақпан айларында аэрация жұмыстары жүргізіледі. Яғни, су астындағы тіршілік иелері ауаның жетіспеушілігі салдарынан жойылып кетпеу үшін жылда ойықтар жасалады.

Самал Қалиқызы, тілші

Атамекен кентінде орналасқан Тяпка көлі. Үлкен емес шағын. Тереңдігі шамамен бір метрден асады. Мұздың қалыңдығы 60-70 см құрайды. Бұл көлде балықтың 4-5 түрі мекендейді. Солардың жойылудың алдын алу мақсатында осындай аэрация жұмыстары жылда жасалады.

Бұл аумақ Павлодар орманшылығына тиесілі. Сондықтан осы жердің табиғатты қорғаушылары аэрация жұмыстарына барынша жауапты кіріседі. Ойықтарды ойып қана қоймай, сорғыларымен оттегі жеткізеді.

Марат Бағжанов, Павлодар орман шаруашылығының орманшы инспекторы

Аэрация жұмыстары әдетте қыс аяқталған кездерде жасалады. Себебі су қоймаларында оттегі деңгейі төмендейді. Балықтар мен басқа да тіршілік иелері жойылып кетпеуі үшін осы шаралар жасалады. Сорғыны қосамыз, ол суды айналдырады. Осылайша суға оттегі жетеді. Сондай-ақ, ойықтарға қамыстар саламыз. Менің жауапты аумағымда қыста қататын 8 көл бар. Көлдердің бәрінде аталмыш жұмыстар жасалды.

Жыл басынан өңірде 20-дан астам көлде аэрация жұмыстары қолға алынды. 800-ден астам ойық тесілді. Бұл шараларға 160-тан астам адам жұмылдырылған.

Жасұлан Жұмашев, Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы

Бұл жұмыстар су астына оттегі көбейтіп қана қоймай, сонымен қатар, қысты күні мұз астындағы өсімдіктердің шіри бастаған кезде метан, күкірт газдары тола бастайды. Сол газдарды шығару жұмыстары өткізіліп жатыр. Қысым аядзады. Оттегі балансы көбейе бастайды.

Жалпы, өңірдің су қоймаларында 30-дан астам балықтың түрі бар. Ал, Ертіс өзені мен Сәтпаев-Қарағанды арнасында сирек кездесетін бекіре, сылан, шортан, табан, сазан балықтары мекендейді екен.

Самал Қалиқызы