Павлодарда оқушылар мен студенттер арасында өткен бейнероликтер байқауы қорытындыланып, үздіктер есімі белгілі. Жүзден аса өтінім ішінен кім топ жарды? Келесі сюжеттен көрейік.
Ақпарттық технологиялар колледжі негізінде «Тәртіп өзімнен басталады» атты бейнероликтер бойынша облыстық онлайн-конкурсының марапаттау рәсімі өтті. Аталған байқау «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында ұйымдастырылды. Негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру және азаматтық жауапкершілікті нығайту.
Ерлан Қалқамбеков, Павлодар қаласы солтүстік полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторы
«Қатысушылар барлығын ұйымдастырып, бейнероликтерді көрсеткені үшін «жарайсыңдар!» дегім келеді. Менің ойымша, балалардың заңмен жақынырақ танысуы үшін осындай шараларды жиі ұйымдастырып тұру керек. Өйткені олар тек осындай нақты мысал арқылы барлығын жақсы түсінеді. Басқа балалар түсірген бейнелерді тамашалау да танымды болады. Осындай шаралар жыл сайын өтсе, жастар арасында жақсы нәтиге жеткізеді деп ойлаймын»
Байқауға қатысу бойынша облыстағы мектептердің 8-11 сынып оқуышылары мен колледждерден барлығы 101 өтінім келіп түскен. Олар заңға құрмет, азаматтық жауапкершілік және қоғамдық тәртіп тақырыптарында бейнероликтерін ұсынды. Байқауда жұмыстардың сапасына, мазмұнының тереңдігіне, тақырыптың ашылуына және көркемдік шешіміне ерекше назар аударылды. Нәтижесінде музыкалық колледж студенттерінен құралған «Саналы ұрпақ» тобы жеңімпаз атанды. Олар пара беру мәселесін көтеріп, оны арнайы авторлық ән арқылы жеткізді.
Асыл Нәби, музыкалық колледждің 2-курс студенті
«8 адам және біз әдейілеп өзіміздің басқа отделениялардан әншілерді алып алдық, сол әншілермен бірге клип түсірдік. Негізінде идеямыз – «Заң және тәртіп» пен осы клипті бірге қосқандай болған. Біздің видеомыз жемқорлық туралы болды. Басты ойымыз – қазіргі кезде адамдар ақша беру, заңды бұзудың артынан қандай есеп келетінін көрсету болып саналды»
Байқаудағы әрбір бейнеролик тақырыбы, идеся және мазмұндық тереңдігімен дараланды. Сондықтан жеңімпаздармен қатар қатысушылар арнайы аталымдар бойынша да марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік әлеуметтік бейнеролик», «Белсенді азаматтық ұстанымы үшін», «Үздік креативті көзқарас», «Жастардың құқықтық тәртіпке көзқарасы» аталымдары табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом мен сыйлықтарға ие болды.
Жұлдыз Қабылденова