Аққулы ауданында өрттің қауіпті кезеңіне дайындық жұмыстары басталды. Мамандар табиғи және дала өрттерінің алдын - алу шараларын күшейтті. Қарақала округіне қарасты Шәмші ауылының аумағында жоспарлы профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

Өрт шығу қаупі жоғары жерлер анықталып, аумақтары тазартылды. Тұрғын үйлерге, шаруашылық құрылыстарға және инфрақұрылым нысандарына жақын орналасқан жерлердегі қамыс пен құрғақ шөп орылды. Бұл шара өрттің таралу қаупін азайту үшін қолға алынған.

Азамат Асаинов, Аққулы ауданы ТЖБ бас маманы

Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты — өрт туындаған жағдайда оның таралуының алдын алу, сондай-ақ ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін және мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету. Жұмыстарды орындауға Қарақала орманшылығынан 3 бірлік арнайы техника мен құрал-жабдықтар жұмылдырылды. Барлық іс-шаралар бекітілген кестеге және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес жүргізілуде.

Шамамен 3 гектар аумақ тазартылды. Алдын алу шаралары кезең бойы тұрақты түрде жүргізіледі.

Төтенше жағдайлар бөлімі тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Құрғақ шөп пен қоқысты өртеуге тыйым салынады. Өрт жағдайы тіркелсе, 101 немесе 112 нөмірлеріне дереу хабарлау қажет.

Сабина Жолдаспаева