Ақсу қаласының Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері қаладағы ірі өндіріс орындарының бірі – металлургия саласындағы кәсіпорын жұмысшыларымен тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау тақырыбында профилактикалық кездесу өткізді. Іс-шараның мақсаты – тұрғындар арасында өрттің алдын алу және қауіпсіздік мәдениетін арттыру.

Кездесу барысында мамандар өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптарын түсіндіріп, тұрмыстық өрттердің жиі кездесетін себептеріне тоқталды. Сондай-ақ, өрттің алдын алу шараларын кеңінен түсіндіріп, төтенше жағдай туындаған кездегі іс-әрекет алгоритмін баяндады. Кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.

Азамат Нұрғожин, Ақсу қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы

Аталған іс-шара тұрғын үй секторында өрттердің алдын алу мақсатында ұйымдастырылды, себебі статистикаға сәйкес өрттердің басым бөлігі тұрмыстық жағдайда орын алады. Сонымен қатар электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану, электр желісіне артық жүктеме түсірмеу және балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігіне ерекше назар аударылды. Ақсу қаласы тұрғындарының едәуір бөлігі Ақсу ферроқорытпа зауытында еңбек ететінін ескере отырып, мұндай кездесулерді аталған кәсіпорында өткізу кең аудиторияны қамтуға және жеке әрі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша маңызды ақпаратты тиімді жеткізуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, осы бағыттағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Бұл жердегі басты мақсат халықтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және төтенше жағдайлардың алдын алу.

Дильназ Қуанышбекқызы