Ислам әлемі үшін қасиетті Рамазан айы келді. Бұл уақытта ораза ұстаған жандардың тамақтану режимі өзгереді. Денсаулыққа зиян келтірмей, қалай дұрыс тамақтанған жөн? Бұл туралы әріптесім облыстың бас терапевтімен сұхбаттасып қайтты.
Рамазан айында ағзаның саулығын сақтау үшін пайдалы әрі теңгерімді ас мәзірін қалыптастыру ерекше маңызды. Сәресіне ақуызға бай ет, балық, жұмыртқа, сүт өнімдері, көгөністер және басқа да жеңіл әрі тойымды тағамдар тұтынған жөн. Ал ауызашарда жеңіл тамақтанып, шамадан тыс майлы, қуырылған, тұздалған, тәтті тағамдардан бас тартқан дұрыс.
Гүлжан Саламбекова, Павлодар облысының бас терапевті
«Тамақтану теңгерімді болуы керек. Оразаны ауыр тағамдармен ашуға болмайды. Әдетте дастарқанымызда шелпек, бауырсақ, самса тұрады. Әрине, бұлар – дәмді ас, бірақ оларды пайдалы деп айтуға келмейді. Себебі адам ұзақ уақыт ашыққан соң ауыз ашу дұрыс әрі орнымен болуы қажет.» 01.07
Дәрігердің айтуынша, ауызашар кезінде алдымен құрма жеп, су ішу өте пайдалы. Сондай-ақ су ішкен соң, бірден тамақтануға болмайды. Кем дегенде 15-20 минуттан кейін ғана тамақтануға кіріскен абзал.
Гүлжан Саламбекова, Павлодар облысының бас терапевті
«Тағам жеңіл, асқазанға ауыр тимейтін, тез қорытылатын болғаны дұрыс. Мысалы, сорпа немесе жеңіл кеспе ішуге болады. Ең бастысы – артық тамақтанбау. Дастарқанға отырып, аз мөлшерде ғана ас ішіп, тойған соң біраз қозғалып жүрген жөн. Сонда адам артық тамақтанғаннан, асқазанда ауырлық сезбейді. Тағам жеңіл болса, созылмалы гастрит, созылмалы панкреатит сияқты аурулардың асқынуынан сақтануға болады. Бәрі жеңіл әрі жайлы өтеді.»
Оразаны дұрыс сақтаған жағдайда ас қорыту жүйесі демалып, ағза тазарады. Оған қоса, ауыз бекіту қандағы қант үлесін түсіруге, қан қысымын төмендетуге әсер ете алады. Адам бойында сергектік пен энергия пайда болады. Дегенмен, созылмалы аурулары бар адамдар ораза ұстамас бұрын дәрігермен кеңесуі қажет.
Жұлдыз Қабылденова