Он бесінші наурыз күні елде жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өтеді. Құжат қоғамның заманауи сұраныстары мен ел дамуының стратегиялық бағдарларын көрсететін жаңартылған қоғамдық келісім ретінде қарастырылуда.

Депутаттар жобаның адамға бағдарлануы жаңа Конституцияның негізгі бағдары екендігін айтады. Яғни азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен қауіпсіздігіне басымдық берілген. Құжатта әлеуметтік саладағы конституциялық кепілдіктер кеңейтіліп, сондай-ақ цифрлық дәуірдің сын-қатерлеріне жауап беретін нормалар бекітілген.

Елена Яровенко, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты

Стратегиялық мақсат – адам капиталы, білім және инновациялар арқылы даму моделіне көшу. Ұзақ мерзімді перспективада бұл мемлекеттің тұрақтылығын, қоғамның сенімін және елдің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруы тиіс.

Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Елена Яровенконың айтуынша, адам капиталына негізделген даму моделіне көшу әсіресе ғылым мен білім саласы үшін маңызды.

Елена Яровенко, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты

Қазір цифрлық, ақпараттық технологиялар ғасыры. Қазіргі таңда авторлық құқықтарды, кез келген ғылыми мақалаларды қорғау жасанды интеллектіні, GPT чаттарын және өзге де ұқсас құралдарды қолдану жағдайында үлкен тәуекелге ұшырап отыр. Диссертациясын жазуға еңбек сіңірген адам өз еңбегінің плагиаттан қорғалатынына кепілдік ала алмайды. Жаңа Конституция реформасында бұл мәселе нақты көрсетілген, яғни адам капиталына қатысты цифрлық деректер мен авторлық жобаларды қорғау нормалары айқын жазылған.

Сонымен қатар депутат жоба мемлекеттік басқару жүйесін барынша теңгерімді әрі ашық етуге, сондай-ақ қоғамдық диалогты күшейтуге бағытталған конституциялық өзгерістерді көздейтінін атап өтті.

Елена Яровенко, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты

Жоба партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутаттан тұратын бір палаталы «Құрылтай» Парламентін құруды қарастырады. Заң шығару бастамасы құқығына ие консультативтік орган – Халық кеңесі құрылады. Бұл қоғамдық диалогты күшейтуге бағытталған.

Бұл өзгерістер билік жүйесін неғұрлым теңгерімді қалыптастыруға, басқарудың ашықтығын арттыруға және азаматтар мен бизнес үшін болжамды құқықтық орта құруға бағытталған. Осылайша, Елена Яровенконың айтуынша, жаңа Конституция жобасы адамға, білімге және инновацияға инвестиция салу арқылы елдің ұзақ мерзімді дамуының негізін қалайды.