Ертіс ауданында өрт шыққан үйден құтқарушылар екі баланы аман алып қалды. Оқиға аудан орталығында екі пәтерлі жеке тұрғын үйлердің бірінде болған. Газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары дер кезінде жанып жатқан үйдің ішіне кіріп, 2011 және 2016 жылы туған екі баланы сыртқа алып шықты.
Облыстық төтенше жағдайлар қызметінің 112 пультіне тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жедел жетті. Үйге қосарланып салынған бөлменің төбесі мен ағаш шатыр құрылымдары жанған. Өрттің өршу қаупі жоғары болған. Құтқарушылар өрт ошағынан газ баллонын қауіпсіз жерге шығарды.
Асқар Бүркітбаев, Павлодар облысы Ертіс ауданының ТЖБ бастығы
Көлемі 27 литрлік газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды. Өрт сағат 10:48-де оқшауланып, 22 шаршы метр аумақта шарпыды. Сағат 10:59-да толықтай сөндірілді. Құрметті аудан тұрғындары, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. Өздеріңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар.
Балаларға медициналық көмек қажет болмады. Өрт сөндірушілер жедел әрекет етіп, тілсіз жауды толықтай жойды. Жалынның тұрғын үйдің негізгі бөлігіне таралуына жол берілген жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталуда.
Сабина Жолдаспаева