Өңірде эпидмаусым басталғалы 140 мың адамда ЖРВИ анықталды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмен. Эпидемиологиялық жағдай туралы толығырақ тілшіміз баяндайды.
Ақпан айының 12-18 аралығында облыста 4 522 жіті респираторлық вирустық инфекция жағдайы тіркелсе, соңғы 5 күнде тағы 1 800 адам ЖРВИ жұқтырған. Облыс тұрғындарының 11 пайызға жуығы, яғни 82 116 адам тұмауға қарсы екпе алған. Мамандардың айтуынша, эпидемиологиялық жағдай бақылауда, қажетті эпидемияға қарсы және профилактикалық шаралар іске асырылып жатыр.
Зәмзәгүл Дощанова, Павлодар облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары
«Павлодар облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы филиалының зертханасы зерттеулер жүргізді. 1353 сынаманың ішінен тұмауға жатпайтын басқа вирустарға 16 оң нәтиже анықталды. Анықталған тұмауға жатпайтын вирустардың қатарында риновирустар, метапневмовирустар, бокавирустар, аденовирустар және басқа коронавирустар бар. SARS-CoV-2 (САРС-КоВ-2) вирусының облыс аумағында айналымы жалғасуда. Ағымдағы эпидемиялық маусымда COVID-19 коронавирус инфекциясының 4 жағдайы тіркелді. Сондай-ақ мамандарымыз уақтылы эпидемияға қарсы профилактикалық шараларды жүргізуде, тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай – бақылауда.»
Биыл өңірде 46 қызылша жағдайы тіркелді. Әсіресе бір жасқа дейінгі және бір жасқа толған балалар арасында ауру жиі кездеседі. Тіркелген жағдайлардың 22-сі осы жас санатына тиесілі. Республика бойынша қаңтар айында қызылшаға шалдыққандар саны 2 мыңнан асты, оның 80%-і – екпе алмаған балалар.
Зәмзәгүл Дощанова, Павлодар облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары
«6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі жас аралығындағы балаларды иммундау жалғасуда. Сондай-ақ 2-5 жас аралығындағы, 7-18 жас аралығындағы балаларды толықтыра иммундау да жалғасып жатыр. Бұған қоса, бұрын, яғни 2023-2024 жылдары жаппай иммундау кезінде вакцинацияланбаған балаларға қосымша екпе салу жүріп жатыр. Екпе алғаны туралы деректері жоқ немесе жаппай толықтыра иммундау шеңберінде егілмеген медициналық қызметкерлерді вакциналау да жалғасуда.»
Эпидемияға қарсы іс-шаралар күшейтіледі. Балаларды жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу үшін, қарсы көрсетілімдері болмаған жағдайда, кемінде 21 күн бұрын қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы вакцина жасалған болуы тиіс. Қызылша жағдайлары тіркелсе, екпе алмаған балалар мектеп пен мектепке дейінгі ұйымдардан уақытша шеттетіледі. Мектепке дейінгі балалар мекемелерінде жоспарлы екпемен балалардың кемінде 90%-ын қамтуы қажет, бұл топтық иммунитет үшін маңызды.
Жұлдыз Қабылденова