Павлодарлық дәрігерлер кәсібилігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Үш жастағы баланың миының беткейінде дермоидтік кистаны алып тастады. Толығырақ тілші сюжетінде.
Таисия үш жаста, бір ай бұрын шашын кесуге тура келген. Себебі, басында туа біткен дермоидтік киста болып, соған павлодарлық хирургтар ота жасады. Осыған дейін ресейлік дәрігерлер екі рет операция жасапты, бірақ нәтижесіз, деп отыр әжесі.
Александра Маутина, әжесі
Немерем ата анасымен Новосібірде тұрады. Баланың басында туа біткен киста болды. Новосібірде екі рет ота жасалды, бірақ нәтижесіз. Осында Жаңажылдық демалыстарға келгенде асқынулар болды. Жаралары ашылып, ішінен ірің аға бастады. Сосын осында балалар ауруханасына жүгіндік, бізге көмектесті. Бала ҚР азаматы болмаса да қабылдап, ота жасап берді. Оған қоса бәрі тегін болады дегенде таң қалып, қуандық. Алғысым шексіз.
Әдетте дермоидтік киста терінің бетінде болады. Ми құрылымдарында кездесуі сирек. Сәйкесінше, шетелдік мамандар киста тері бетінде деп ойлап, ота жасаған көрінеді деп отыр павлодарлық дәрігер. Бірақ бізде жасалған компьютерлік томография кезінде дермоидтік киста терең, мидың беткейінде орналасқаны анықталды. Кішкентай емделушінің өміріне қауіп төніп тұрған соң бірден операция жасалды.
Талғат Қасымбеков, Павлодар облыстық балалар ауруханасының нейрохирург дәрігері
Біздің клиникаға келіп жүгінді. Ол беткейлік түзіліс емес болып шықты. Терең диагностикалық шаралар өтті. КТ кезінде дермоидтік кистаның терең орналасқанынын көрдік. Отаның кезінде бас сүйегі ашылып, миға жабысып жатқан, содан отаны сәтті жасап шықтық.
Қазір баланың жалпы жағдайы жақсы. Дәрігерлердің бақылауында. Кішкентай Таисияға ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін жасалды. Ал, осындай операциялар құны 1 млн 400 мың теңге екен. Айта кетейік, егер бала шетел ел азаматы бірақ оның ата анасының бірі ҚР азаматы, оған қоса ықтиярхаты болса, балаға ЖСН беріліп, ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылуы мүмкін.
Самал Қалиқызы