Павлодарда бірнеше жылдан бері елдегі шатырларға арналған гидрооқшаулағыш материалдардың жалғыз отандық өндірушісі жұмыс істеп келеді. Қазір компания дамудың жаңа кезеңіне қадам басуда. «Даму» қорының қолдауының арқасында мұнда өндіріс көлемін ұлғайтып, қуаттылықты кеңейту жоспарланған.

Кәсіпорынның негізгі қызметі – ыстық және суық мастика, праймер, сондай-ақ көпфункционалды модификацияланған битум-полимерлі гидрооқшаулағыш материал өндіру. Бұл өнімдердің барлығы шатырлардың сенімділігін қамтамасыз ету үшін қажет.

Өндіріс үшін қажетті шикізат та отандық жеткізушілерден сатып алынады. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 4,5 миллион шаршы метрге дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді. Өндірісте шамамен 70 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде ұжымның едәуір бөлігін жас мамандар құрайды.

Кәсіпкерлікті дамыту қоры тағы бір бизнеске қолдау көрсетті. Тігін фабрикасы ірі көлемде жеңілдетілген несие алып, «Даму» бағдарламасын пайдаланды. Бағдарлама аясында қор 38 пайыз көлемінде кепілдік беріп, кепілзаттың жетіспейтін бөлігін жапты.

Марияна Васильева, кәсіпорын өкілі

Кәсіпорын 1998 жылдан жұмыс істейді. Негізгі бағытымыз – өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған арнайы жұмыс киімдерін тігу. Біз облыс бойынша, жалпы алғанда бүкіл өңір аумағында жұмыс істейміз. 2025 жылы «Даму» қорынан өндірістік ғимарат сатып алуға қолдау алдық. Бұған дейін цехымыз жалға алынған ғимаратта орналасқан болатын. Алдағы уақытта кәсіпорнымызды кеңейтіп, жұмысымызды әрі қарай дамытуды жоспарлап отырмыз.

Мемлекеттік қолдаудың тиімді құралдары шағын бизнестің табысты дамуына және ауқымын кеңейтуіне мүмкіндік береді. Мұндай шаралар компанияларға қажетті ресурстар тартуға, өндірісті жаңғыртуға және жаңа технологияларды енгізуге жол ашады.

Дильназ Қуанышбекқызы