Қазақстан футболының 35-ші чемпионаты басталды. Бірінші тур қорытындысы бойынша қандай деректер белгілі болды? «Ертіс» сапында жергілікті тәрбиеленушілер ойнай ма? Толығырақ келесі материалда.
Қазақстан чемпионатының бірінші турында 63 футболшы премьер-лигада дебют жасады. Олардың 13-і – қазақстандық футболдың тәрбиеленушілері. Ең көп дебютант «Алтай» мен «Ертіс» құрамында. Бұл клубтарда 7 дебютанттан. Премьер-лиганың бірінші турындағы сегіз матчты 48 301 көрермен тамашалады. Бұл бір ойынға орта есеппен 6 038 көрерменнен келді деген сөз. Ең көп көрермен жиналған матч – «Ордабасы» мен «Ертіс» арасындағы кездесу. Оны 16 800 жанкүйер тамашалады. Павлодарлық клубтың қақпашысы Виталий Ботнарь бірінші турдың символикалық құрамы қатарына енді. Қазақстан премьер-лигасында ресми түрде 264 қазақстандық футболшы тіркелген. Бұл чемпионаттағы барлық ойыншылардың 67,7 пайызын құрайды.
Кирилл Альшевский, «Ертіс» ФК бас бапкері
Бұл жағынан бізге қиынырақ болды, өйткені жұмысқа кеш кірістік. Жергілікті тәрбиеленушілердің, өз өңіріміздің, өз қаламыздың ойыншылары көбірек болғанын қаладық. Өкінішке қарай, бәрі бірдей жүзеге аса бермеді. Бірақ қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Қол жеткізе алған ойыншыларды қатарымызға қостық.
Сәуір айының ортасынан бастап және шамамен мамырдың соңына дейін «Ертіс» өз алаңындағы матчтарды да басқа алаңда өткізуіне тура келеді. Себебі Орталық стадиондағы алаң жөндеуден өтеді. Екінші турға да аз уақыт қалды. 16 наурыз дүйсенбі күні, «Ертіс» Павлодарда «Атырау» клубымен кездеседі.
Мурат Әбілмәжит