Толассыз жауған қардың арты боранға ұласты. Осы күндері құтқару қызметтері жол бойында кезекшілік жүргізіп, жолаушыларды қауіпсіз жерлерге жеткізуде. Олардың қатарында жүкті әйелдерде бар.
Қарлы боранның салдарынан ауыл аймаққа қатынайтын жедел жәрдемнің жұмысы шектелді. 1994 және 2000 жылы туған екі жүкті әйелді шұғыл түрде Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізу қажет болды. Алайда жолдағы боран мен қардың қалыңдығы жедел жәрдем көлігінің жүруіне мүмкіндік бермеді. Құтқарушылар арнайы жоғары өтімді техниканы пайдаланып, медициналық қызметкерлермен бірге Майқайың кентінің ауруханасынан оларды Екібастұз қалалық ауруханасына апарды. Құтқарушылар мен дәрігерлердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында жүкті әйелдер медициналық мекемеге дер кезінде жеткізілді. Қазір олар ақ халаттылардың бақылауында.
Сабина Жолдаспаева