Соңғы күндері ауа райының күрт бұзылуына байланысты облыс автожолдарында шектеулер енгізілуде. Қолайсыз ауа райы салдарынан жолда қиындыққа тап болған азаматтарға тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Мәселен, күні кеше Екібастұз қаласының маңында бір топ жұмысшы қар құрсауында қалып қойған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, «ПавлодарСоль» зауытының жұмысшылары іссапардан үйлеріне қайтып келе жатқан кезде боран салдарынан жолда қалып қойған. Барлығы 13 адам түнгі сағат он бір шамасында жолға шыққан. Алайда Солнечный кентінің маңында көліктері қалың қарға батып, әрі қарай жүру мүмкін болмаған. Осы жағдайға байланысты олар 102 нөміріне хабарласқан. Хабар түскеннен кейін Екібастұз қаласының полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, азаматтарды құтқарды. Жолда қалып қойған жандар Солнечный кентіндегі №16 жалпы орта білім беру мектебінде орналасқан жылыту пунктіне жеткізілді. Ол жерде барлығы үсік шалу белгілеріне тексерілді және алғашқы медициналық көмек алды. Жұмысшыларға ыстық тамақ беріліп, демалуға арналған орындар ұйымдастырылды. Олар өз кезегінде полиция қызметкерлеріне қауіпті жағдайдың алдын алғаны үшін ризашылық білдірді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты өңірімізде жолдар жабылып, түрлі шектеулер енгізілуде. Осыған байланысты тәртіп сақшылары тұрғындарға ауа райын ескеріп, алыс сапарлардан бас тартуға, жолға шыққанда, сақтық шараларын сақтауға шақырады.
Жұлдыз Қабылденова