Қолайсыз ауа райының салдарынан өңірде бірнеше бағыттағы автожолдар жабылды. Соның салдарынан бірқатар жүргізушілер мен жолаушылар жолда қалып қойды. Құтқарушылар қар құрсауында қалған 30-ға жуық адамға көмек көрсетті.
Түнде Ертіс ауданында «Атамекен – Ертіс – Ресей шекарасы» автожолында қар құрсауында қалған көліктер шығарылды.Оның ішінде қар тазалау техникасының жүргізушісі мен тағы 6 адам құтқарылып, Ертіс ауылына жеткізілді. Сондай-ақ, Шарбақты ауданында да қарға батып қалған автокөлік сүйретіліп шығарылып, 6 адам Шарбақты ауылына жеткізілді. Байет ауылының кіреберіс жолында жолдан шығып кеткен көлікке көмек көрсетіліп, 4 адам елді мекенініне оралды.Ал Павлодар ауданында қар құрсауында қалған көліктен 2 жолаушы құтқарылып, Черноярка ауылына орналастырылды. Екібастұз қаласында құтқарушылар жол талғамайтын көлікпен дәрігерлерді Құрылысшы ауылындағы төрт жастағы балаға жеткізуге көмектесті.Төтеншеліктер тұрғындарды қолайсыз ауа райы кезінде елді мекендерден тыс жерге шықпауды ескертеді.
Дильназ Қуанышбекқызы