Өңірде бірнеше күн ауа райы құбылмалы. Боран соғып, жолдар жабылды. Бірнеше көлік қар сауында қалды. Бұл күндері тек құтқарушылар ғана емес, тұрғындар жол көрсеттіп, батылдық танытты. Тереңкөл ауданының тұрғыны Мария Бедрина 4 шақырым жаяу жүріп, жүргізізушілерге жол көрсеткен.

10 наурыз күні сағат 16:00 мен 18:00 аралығында Ақсу – Павлодар тасжолында қатты боран соғып, көлікпен жүру қиындаған. Сол кезде Тереңкөл ауданынының тұрғыны Мария Бедрина көліктен түсіп, жаяу жүріп, жол көрсеткен. Оның артынан бірнеше көлік баяу қозғалып отырған. Ол шамамен төрт шақырымдай жаяу жүріп өтті.

Мария Бедрина, Тереңкөл ауданының тұрғыны

Күйеуім көлік тізгінінде отырғандықтан, мен көп ойланбай бірден көліктен түстім. Алдымен жолдың алдағы жағдайын көру үшін алға қарай жүріп бардым. Алдымызда алты көлік тұрғанын байқадым. Оның үшеуі жолды, соның ішінде қарсы бағыттағы жолақты да жауып қалған. Сондықтан бірінші тұрған көліктің терезесін қағып, жүргізушіге менің соңымнан жүруін айттым. Содан кейін тоқтамай, алға қарай жүре беруді жөн көрдім. Біз баяу болса да алға қарай жылжып отырдық. Кейде тоңып кетпеу үшін көлікке отырып, жылынып алдым. Содан кейін қайтадан түсіп, көріну нашарлаған кезде жүргізушілерге жол көрсетіп отырдым. Кейін бірінші көліктегі бір қыз мені видеоға түсіріп алыпты. Мен оны күтпеген едім.

Марияның айтуынша, ол сол күні Ақсу қаласына отбасымен бірге қызын перзентханадан шығарып алуға бара жатқан. Жолда боран күшейіп, көріну қашықтығы күрт төмендеген. Сол кезде Мария көп ойланбастан көліктен түсіп, жолды тексеру үшін алға шыққан. Күйеуі тоқтатпақ болғанымен, ол адамдардың аман-есен шығуына көмектесуді жөн көрген.

Мария Бедрина, Тереңкөл ауданының тұрғыны

Біздің отбасымызда бес адам бар: күйеуім, үш баламыз — бір ұл және екі қыз. Жақында үлкен қызымыз бізге 8 наурыз мерекесіне ерекше сыйлық жасады — немерелі болдық. 10 наурыз күні біз Ақсу қаласына барып, қызымыз бен жаңа туған немеремізді перзентханадан алып қайтуға шықтық. Сол кезде ауа райы бұзыла бастады. Үйге тезірек жетіп алайық деп жолға шыққан едік. Ол кезде жол жабылған жоқ. Алайда Павлодар мен Ақсу қаласының арасында келе жатқанда боран күшейді. Түк көрінбеді. Мен Атамекен кентінің маңындағы көпірге жетсек, жағдай біршама жеңілдейді деп ойладым. Сол жерге дейін жетіп алсақ, жол да ашық болады деп сендім.

Мария Бедрина үш баланың анасы. Ауыл мектебінде еңбек етеді. Оның бұл әрекеті қиын жағдайда да адамдарға көмектесуге дайын жандар бар екенін көрсетеді. Мұғалімнің батыл қадамы көпшілікке үлгі болды. Боранды күнде жол көрсеткен Мария жұрттың алғысына бөленді.

Сабина Жолдаспаева