Павлодар қаласында борышкерлер үшін бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оларға 10 астам ірі кәсіпорыннан түрлі мамандықтар ұсынылды. Бұл жыл басынан ұйымдастырылған нешінші бос орындар жәрмеңкесі? Оларды өткізу қаншалықты маңызды? тілшіміз айтсын.
Павлодар облысында 980 алимент бойынша проблемалық борышкер тіркелген. Қарыздың жалпы сомасы 12 млн теңгеден асады. Борышкерлердің саны мен қарыз мөлшерін азайту мақсатында дәстүрлі түрде бос орындар жәрмеңкесі өтеді.
Аслана Байзақова, Павлодар облысы әділет департаментінің бөлім басшысы
Аталмыш статистика азайып келеді. Бұл «Заң және тәртіп» аясында ұйымдастырылатын осындай жобалардың көмегі десек болады. Жәрмеңкені Павлодар облыстық прокуратура, облыстық әділет департаменті, жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасы, еңбек департаменті бірлесіп өткізіп жатыр. Негізгі мақсат – көп қарыздары бар алимент төлеушілерге жұмыс табуға көмектесу, санын азайту.
Жалпы жұмыс іздеп жүрген азаматтарға 10 нан астам кәсіпорын бос орындарын ұсынды. Олардың басым бөлігі - техникалық мамандықтар.
Николай Кучурюк, «Гипрозем» РМК басшысының орынбасары
Біздің кәсіпорын агроном, агрохимик, биотехнологиялар, жердің құрылымы, геодезия, картография мамандықтары бойынша азаматтарды жұмысқа алады. Сонымен қатар, уақытша мерзімге жерді қазатын жұмысшылар да керек. Біздің кәсіпорынның бағыты осы жермен, оны зерттеумен байланысты.
Борышкерлерді жұмысқа орналастыру барысында қайта оқыту да қарастырылған. Ал, ұсынған қызметтен бас тартқан азаматтар заң аясында әкімшілік жауапкершілікке тартылуы да мүмкін.
Қарлығаш Асайымова, Павлодар қалалық мансап орталығының директоры
Бүгін бізде жыл басынан осымен төртінші жәрмеңке өтіп жатыр. 56 кәсіпорын жұмыс ұсынды. 1000-ға жуық адам қатысты. Ашық жәрмеңкелердің аясында 700 адам жұмысқа орналасты.
Сонымен қазіргі таңда, алимент бойынша 16934 құжат өндірісте. 4133 алимент борышкері өз өзін жұмыспен қамтыған, немесе алиментін өз бетінше өтеп отыр. Жыл басынан жеке сот орындаушылар қарыздар бойынша 174 млн теңге өндіріп алыпты.
Самал Қалиқызы