19 наурыз – Жаңару күні. Бұл күні игі істер мен жаңа бастамаларды қолға алуға ерекше назар бөлінеді. Осыған орай, студенттер өңіріміздің табиғи байлығы мен оны сақтау жолдарымен танысып, жаңа ағаштар отырғызу бойынша шараға қатысты.

Халқымыз ежелден табиғатты аялап, «Бір тал кессең, он тал ек» деген қағиданы берік ұстанған. Сондықтан табиғатты қорғау –маңызды әрі жауапты іс. Жаңару күні аясында «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының мамандары студенттерге арнайы презентация өткізіп, орман шаруашылығының атқарып жатқан жұмыстары туралы кеңінен ақпарат берді.

Қанат Егембердиев, «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының ғылыми қызметкері

«Бұл мерекелік шараға біз «Ертіс орманы» резерватының атынан қарағай тұқымдарын қалай егу керектігін, «Ертіс орманы» резерватындағы құстардың жай-күйі туралы презентация жасадық және де құстарға қалай ұя жасау керек және құстарға қалай қамқорлық көрсету керек – сол туралы да біраз ақпарат беріп өттік»

Резерват аумағында қазіргі таңда құстардың 90 түрі мекендейді. Ал облыс бойынша осы уақытқа дейін 53 құс түрі тіркелген. Биыл «Ертіс орманы» аумағында бұрын облыста кездеспеген, тіркелмеген құстардың тағы төрт түрі анықталды.

Қанат Егембердиев, «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының ғылыми қызметкері

 «Бұл – тарихи жағдай. Әлі де Павлодар облысының құстарының саны арта түсетініне нық қадамдамыз. Бұл құстардың түрлерін айта кететін болсақ, дубонос, азиатский черноголовый чекан, обыкновенный змееяд»

Шараға қатысушыларға ақпарат берілуімен қатар, қарағайды дұрыс егу тәсілдері тәжірибе жүзінде көрсетілді. Оған қоса, құстарға ұя жасау бойынша шеберлік сағаты ұйымдастырылды.

Гүлден Бегімова, «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының экологиялық ағарту және рекреация жөніндегі маманы

««Таза Қазақстан» акциясы аясында қарағай тұқымдары, көшеттерін отырғызу бойынша экологиялық шара өтуде. Бұл – аумақты көгалдандыруға және студенттер мен өңір тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Акцияға қатысушылар жасыл желектердің қалыптастырып, болашаққа өз үлестерін қосуда.»

Мұндай шаралар жас ұрпақтың қоршаған ортаға жауапкершілігі және экологиялық мәдениетін арттыруға ықпал етеді.

Жұлдыз Қабылденова