Кенжекөл ауылында № 20 сәбилер бақшасының ұйымдастыруымен Наурыз мерекесі ұйымдастырылды. Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеген мазмұнды шараға бүлдіршіндер, олардың ата-аналары мен ауыл тұрғындары қатысты. Толығырақ – тілші әңгімесінде.
Қыстың орнын шуақты көктем басып, табиғаттың жаңа күйге енетін мезгілі – Наурыз. Бұл мейрамға орай Кенжекөл ауылындағы № 20 сәбилер бақшасы «Әз Наурыз» атты мерекелік шара ұйымдастырды. Балабақша ауласында киіз үй тігілді. Қыдыр ата бата беріп, ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ұлттық мәдениет дәріптелді.
Әсемгүл Мұқашева, Кенжекөл ауылының № 20 сәбилер бақшасының басшысы
«Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – балаларды қазақ халқының салт-дәстүріне, мәдениетіне таныстыру. Бұл олар үшін тек қызықты мереке ғана емес, өз халқының тарихын тануға жақсы мүмкіндік береді. Осы іс-шараға ата-аналардың қатысуы өте маңызды. Осындай ортақ мерекелер балабақша мен отбасының байланысын нығайтады. Балалар үшін ата-аналарымен бірге осынадй меркеге қатысу – үлкен қуаныш. Педагогтер үшін – тәрбиелік мәне бар маңызды жұмыс»
Шараға балабақша бүлдіршіндері мен олардың ата-аналары ғана емес, ауыл тұрғындары да көптеп жиналды. Қонақтарға палау, наурыз көже, бауырсақ ұсынылып, ауыз бекіткен жандарға су мен құрма тегін таратылды.Сонымен қатар, қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Назерке Айғожина, Кенжекөл ауылының № 20 сәбилер бақшасының әдіскері
«Ата-аналармен, балалармен, Кенжекөл ауылының тұрғындарымен жұмыс жүргізіледі. Бүгінгі форматтар – ұлттық ойындар өткізіледі, жәрмеңке, ауыл арасында жәрмеңке, сайыстар өткізіледі. 150 бала шамасында, олардың аналары, әжелері, Кенжекөл ауылының тұрғындары мұнда қатысады. Бұл – жәрмеңке, жәрмеңкеден түскен барлық қаражат мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасалады»
Балабақша тәрбиеленушілері мен ата-аналары үш ауылға бөлініп, сайысқа түсті. Алдымен әр топ өзін таныстырды, ал екінші кезеңде ұлттық салт-дәстүрлерін сахналық көрініс арқылы көрсетті. Кейін қатысушылар спорттық жарыстарға қатысты, ал соңында арнайы дастархан жайды.
Бүлдіршіндер шараға қызығушылықпен қатысты. Олар ойын ойнап, ән айтып, би биледі. Сондай-ақ Наурыз мерекесі жайында өлең жолдарын оқып берді.
Мереке жоғары деңгейде өтті. Шара қатысушылары да, қонақтар да көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Жұлдыз Қабылденова