20 наурыз – Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары құрамындағы Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың құрылған күні. Айтулы датаға орай Павлодар қаласында арнайы бөлім қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған «Pavlodar Challenge» атты ауқымды сайыс ұйымдастырылды. Сайысқа өңірдің ең үздік арнайы жасақ қызметкерлері қатысып, өзара мықтыны анықтауда.
Жарыс мемлекеттік әнұранды орындаумен басталды. Одан кейін қатысушыларды әріптестері құттықтап, алдағы сайыста сәттілік тіледі. Биылғы дода тек Павлодар облысының арнайы жасағы қызметкерлері арасында өтуде. Ал ұйымдастырушылар келесі жылы жарысты өңіраралық деңгейге шығаруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, арнайы жасақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыспен күресу бағытында маңызды міндеттерді атқарып келеді.
Азиз Нұрғалиев, Павлодар облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командирінің орынбасары
3 этапта өтеді. Бірінші этап бірінші байки дейді ғой, 30 каллория істеу керек.рука ход, переноска раненного, пистоледпен шариктерді атады. Сосын жоғары көтеріліп астынад қарай түседі.
Жарыс барысында командалар бір-біріне дес бермей, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Мұндай жаттығулар арнайы жасақ қызметкерлері үшін күнделікті қызметтің бір бөлігі. Жарыс халықаралық «Dubai SWAT Challenge» бәсекесінің үлгісінде ұйымдастырылған. Қазақстандық арнайы бөлім қызметкерлері аталған додада жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр.
Ризагүл Андасова, Павлодар облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы
2024 жылы іріктеу кезеңіне қатысып, шамамен 40 қыздың арасынан өттім. 2025 жылдың ақпан айында Dubai SWAT Challenge жарысына қатыстық. Нәтижеміз жаман емес – қыздар арасында 2-орын алдық. Бүгін шағын челлендж өтіп жатыр. Осындай жарыстар маған ұнайды, сондықтан әрқашан қатысуға тырысамын.
Мұндай сайыстар тәртіп сақшыларының физикалық дайындығын шыңдап қана қоймай, олардың өзара үйлесімді жұмыс істеу қабілетін арттырады.
Дильназ Қуанышбекқызы