Павлодар қаласында мектеп оқушылары арасында республикалық дебат турнирінің облыстық кезеңі өтті. Зияткерлік сайыс дүниежүзілік мектеп форматы — World Schools Debating жүйесі бойынша ұйымдастырылды. Турнир қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтті. Сайысқа қала және аудан мектептерінен 50-ден астам оқушы қатысты.
Пікір сайыстың мақсаты – оқушылардың көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамыту. Логикалық ойлау қабілетін арттырып, сөз мәдениетін қалыптастыру. Байқауда қазақ лигасында 10 команда, орыс лигасында 6 команда, ал ағылшын лигасында 4 команда бақ сынады. Қатысушылар әлеуметтік, білім беру, патриоттық және жасанды интеллектке қатысты өзекті тақырыптарды талқылады.
Айжан Оразбаева, М.Катаев атындағы оқушылар сарайының әдіскері
Бүгін бізде облыстық турнир өткізіліп жатыр. Дебатқа Павлодар облысы ойыша қалалар мен аудандардан келген қатысушылар бар. Бүгінгі мектеп форматындағы турнирде әр командада 3 қатысушыдан болады. Бүгінгі облыстық кезең 3 тілде өтеді. Қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілінде. Бізде ағылшын тілі 3 жыл өте жақсы дамып бара жатыр. Қатысушылар көбейіп келеді.
Оқушылар жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетіп, өз ойларын анық әрі сенімді жеткізе білді. Олар сыни ойлау қабілетін, шешендік өнерін және қарсы пікірге дәлелді жауап беру шеберлігін көрсетті. Қатысушылардың бірі дебат турниріне 3 жыл қатарынан қатысып жүр.
Әсел Ерсінова, қатысушы
Негізі дайындақ өте қажет. Бірақ, өзің сөйлей алатын болсаң, сөздік қорың болса, әрдайм оңай болады. Негізі сөздік қорды көбейту деген оңай емес. Бірақ, қазақ тілін жақсы меңгерсен, көптеген кітаптарды оқитын болсаң, сөздік қорың жоғары деңгейде тұрады. Осылайша дебат ойындарына сөздік қормен және мінезіңмен жоғары сөйлеу арқылы біз ойындарға келіп тұрмыз. Дебат дегеніміз екі жақ тарап. Үкіміт және опозиция болады. Белгілі бір тақырыпты қолдайды немесе келіспейді. Форматқа қарай өзіңнің жағын түсіндіріп өтеді. Қорғап шығу керек.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздарға сыйлықтар мен дипломдар табысталады. Үздік команда сәуір айында Алматы қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алады.
Сабина Жолдаспаева