Наурыз мерекесі қарсаңында Павлодар өңірінде қоғамдық көлік пен орман шаруашылығы техникалары жаңартылды. Қалаға 20 жаңа электрлі автобус жеткізілді. Ал орман шаруашылығына 8 патрульдік көлік, 7 өрт сөндіруге арналған шағын кешен және 11 трактор табысталды. Бұл жаңарту өңірдің көлік және табиғатты қорғау саласын күшейтуге бағытталған.
Жақын уақытта қала көшелерінде жаңа буын автобустары қатынай бастайды. Автобус паркі жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында Skywell автобусы маркалы қоғамдық көліктерді іске қосады. Жалпы сыйымдылығы – 90 адам. Ең басты ерекшелігі – автобустар толықтай электр қуатымен жұмыс істейді.
Ренат Мусин, Павлодар қаласы №1 автобус паркінің директоры
Автобус паркі кезең-кезеңімен дәстүрлі жанармайдан бас тартуды жоспарлап отыр. Бұл қоршаған ортаға бөлінетін зиянды заттарды азайтуға мүмкіндік береді. Себебі экология мәселесі қала тұрғындарының денсаулығына тікелей әсер етеді. Бір рет қуатталған автобус 300-350 шақырымға дейін жүре алады. Сонымен қатар көліктер заманауи бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Қуатты қозғалтқышы автобустың бірқалыпты, жайлы қозғалуын қамтамасыз етеді.
Қазір №1 автобус паркінде 150 автобус бар. Оның 127-сі күнделікті бағытқа шығады. Жоспарға сәйкес, қалаішілік 21 және 66 бағыттарындағы автобустар кезең-кезеңімен жаңа электрлі көліктерге ауыстырылады. Ал бұрын бұл бағыттарда жүрген автобустар енді жолаушылар сұранысы жоғары, мәселесі көп 153-ші бағытқа жіберілмек.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Мына 153 маршрут бойынша, болашақта автобусный паркқа талап қою керек. Оларды жаңарту керек толықтай. Биыл емес, келесі жылы. Ол ескі емес, бірақ уақыты келді олардың. 14 дана автобус бар ол жерде. Сол 14 біріліктің барлығын ауысытырып, жаңадан автобусты келесі жылы 153 маршрутқа да қою керек.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта қала орталығында негізінен электрлі автобустар жүруі тиіс. Сондай-ақ, өңірде тек қоғамдық көлік емес, орман шаруашылығы саласы да жаңа техникамен толықты.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Баршаңызбен осындай қуанышты себеппен жүздескеніме қуаныштымын. Ел президенті орман шаруашылығының дамуына аса назар аударады. Себебі бұл біздің өкпеміз, біздің қоршаған ортаны қорғаумен тең. Бүгінгі 50 дана техниканың кілтін табыстаймыз. Жалпы биыл 120 ға жуық техника жаңартылады. Бұл материалдық техникалық қамтамасыз етуінің көрсеткішінің бір талай көтеруіне ықпал етеді. Сондықтан сіздердің маңызды, өте қауіпті істеріңізге сәттілік тілеймін. Келе жатқан наурыз бәрімізге де қуаныш пен қызық әкелсін. Ұлыс оң болып, ақ мол болсын.
Жаңа техникалар үш орман шаруашылығына берілді. Патрульдік жұмыстарға арналған 8 дана «Нива» автокөлігі табысталды. Сонымен қатар, өрттің алдын алу және жедел әрекет ету үшін 7 дана шағын орман патрульдік кешені жеткізілді. Бұдан бөлек, шаруашылық жұмыстарына қажетті 11 жаңа трактор пайдалануға берілді.
Аждар Жүсіпов, Павлодар облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы
Берілген «Нива» көліктері патрульдік қызметке арналған. Біздің міндетіміз тек орманды қорғау емес, сонымен қатар жануарлар дүниесін сақтау. Осы техникалар арқылы заң бұзушыларды анықтаймыз, балықшыларды тексереміз, құжаттарын қараймыз. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда өрт сөндіру жұмыстарына адамдарды жеткізу үшін де пайдаланылады. Қыста – заңсыз ағаш кесуді анықтау, жазда – өрттің алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Ал шағын орман патрульдік кешендері өртті сөндіруге және оның таралуын тоқтатуға арналған. Бұл техникаларда 380 литрлік су сыйымдылығы бар.
Өңірде инфрақұрылымды жаңарту мен табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Жаңа техника мен заманауи көліктердің енгізілуі – тұрғындардың өмір сапасын арттырып, қауіпсіздік пен экология мәселесін шешуге де ықпал етеді.
Сабина Жолдаспаева