Павлодар – еліміздің өндірісті өлкелерінің бірі. Аймақта Қазақстан бойынша ең ірі 50 кәсіпорынның қатарына кіретін 10 өндіріс орны жұмыс істейді. Олардың қоршаған ортаға әсері қандай? Келесі сюжеттен көрейік.
Соңғы 5 жылда өңір кәсіпорындарының шығындылары 60,3 мың тоннаға төмендеді. Соған қарамастан, бұл көрсеткіш республика бойынша әлі де ең жоғары деңгейдің бірі болып қалып отыр. Өңірдің ірі өнеркәсіп кәсіпорындары табиғатты қорғау жобаларына ерекше назар аударып келеді.
Қанат Мұсапарбеков, Павлодар облысы бойынша экология департаментінің басшысы
«Салыстыратын болсақ, нақты шығарындылар 2021 жылы – 730 мың тонна, 2022 жылы – 726 мың тонна, 2023 жылы – 703 мың тонна, 2024 жылы – 697 мың тонна, ал 2025 жылы 669 мың тоннаны құрады. Осылайша, соңғы 5 жылда көрсеткіш шамамен 60 мың тоннаға төмендеді.». «Қоршаған ортаны қорғау шаралары бойынша 2024 жылы кәсіпорындар тарапынан шамамен 26 млрд теңге қарастырылса, 2025 жылға арналған жоспар бойынша айтарлықтай өсіп, 106,7 млрд теңгені құраған. Алайда нақты жұмсалған қаражат бұдан әлдеқайда жоғары болды – шамамен 850 млрд теңгені құрады. Бұл жоспарланған сомадан шамамен 8 есеге көп.»
Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Аймағымызда қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыратын 321 нысан бар, алайда олардың барлығы бірдей заңдастырылмаған. Экологиялық талаптарға сай 3 полигон бар. Олар Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жұмыс істейді. Аудандарда жаңа полигондар салынып, ескі нысандар қалпына келтірілуде.
Қанат Мұсапарбеков, Павлодар облысы бойынша экология департаментінің басшысы
«Полигондар бойынша айтатын болсақ. Ертіс, Тереңкөл, Майқайың және Баянауылда жобалық-сметалық құжаттама дайын, жақын арада құрылысы басталады. Тағы 5 ауданда, атап айтқанда – Шарбақты, Железин, Май, Ақтоғай және Успен аудандарында, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жоспарланып отыр. Рұқсат етілмеген қоқыс орындарына тоқталатын болсақ, жыл сайын спутник жаз мезгілінде облыс аумағын бақылап, мониторинг жүргізеді. 2025 жылы 249 заңсыз қоқыс орны анықталды. Жыл соңына дейін олардың 245-і жергілікті атқарушы органдар мен полиция күшімен жойылды, ал 4 нысан расталмады.»
2025 жылғы нақты шығындардың біршама бөлігі шаңға байланысты болды. Сонымен қатар газ тәрізді өндірістік қалдықтар бар. Спикер ластаушы заттардың көлемін 40 пайызға дейін азайтуға ұсыныс білдіргендерін айтты. Алайда ондай жабдықтарды орнатуды қажет ететін кәсіпорындар коммуналдық болғандықтан, тұрғындарға тікелей әсер етіп, тарифтің қымбаттауына әкелуі мүмкін.
Жұлдыз Қабылденова