Облыс бойынша интернет-алаяқтық фактілерінің саны азаюда. Бұл туралы баспасөз мәслихатында айтылды. Ал алаяқтар қандай әдістерді қолданады? Тұрғындар олардың арбауынан қалай сақтануға болатынын біле ме? Келесі сюжеттен көрейік.
Қазір 57 іс бойынша тергеу аяқталған. Нәтижесінде 10 адам мен бір қылмыстық топ ұсталды, олардың қатысуымен 57 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Құрамында кәмелетке толмағандар бар қылмыстық топ әрекеті тоқтатылған. Олар Telegram мессенджері арқылы қылмыстық схемаларын жүзеге асырған.
Ризабек Жанат, Павлодар облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары
«Олар Telegram мессенджерінде вейптер мен бірреттік электронды буландырғыштарды сату жөнінде хабарландыру таратқан. Бұл заттарға Қазақстанда тыйым салынғаны белгілі, сондықтар топ оларды жасырын түрде сатқысы келген. Көптеген адам сеніп, ақша жіберген. Біз олардың әркетін анықтадық, кінә дәлелденді. Қазір сотты күтіп отырмыз. Зардап шеккендердің саны – 47, ал келтірілген зиян сомасы 500 мыңнан асады. Демек тауарлардың бағасы 10-15 мың шамасында болған. Қылмыстық топ құрамында 4 адам бар екені анықталды, олардың екеуі – кәмелетке толмаған студенттер»
Алаяқтар бұрын шетелдік нөмірлерден қоңырау шалса, қазір құқық қорғау органдары мен ұялы операторлар арнайы қорғау жүйесін жасап, мұндай қоңыраулар тоқтатылды. Алайда алаяқтар жаңа әдіске көшті: олар шетелдегі колл-орталықтан елімізге жіберілген сим-бокстар арқылы қазақстандық нөмірлерді қолданып қоңырау шалады. Былтыр осындай 5, биыл 1 оқиға тіркелді. Тағы бір айла түрі – әлеуметтік желілер арқылы жұмысқа шақыру, яғни жергілікті тұрғындарға сим-карталарды іске қосу тапсырылады, әр картаны іске қосқаны үшін 3-5 доллар төленеді.Осылайша, алаяқтар қоңырау шалып, адамдардың жеке деректеріне қол жеткізеді.
Ризабек Жанат, Павлодар облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары
«Біз үйлерді, пәтерлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Соның барысында қараша айында осындай жағдай орын алды: 86 жастағы егде жастағы әйел адамға алаяқтар қоңырау шалып, өздерін домофон ұйымының өкілдері ретінде таныстырған. «Сізге кодты ауыстыру керек, қазір смс жібереміз» деген. Кейіп қайта-қайта қоңырау шала бастаған. Нәтижесінде бір күн ішінде қарияны банкке барып, 24 млн теңге шешіп алуға көндірген. Ол қаражатты шешіп алу үшін комиссияның өзіне 800 мың теңге жұмсалды. Ақшаны алған соң, қарт әжей 4-қабатта тұратындықтан, жолда аяғы ауырып, 2-қабаттағы көршісінің үйіне кірген. Әңгіме барысында көршісі оның банкке барып, ақша шешіп алғанын естіген соң, бұл алаяқтардың әрекеті болуы мүмкін екенін ескертті. Біздің қызметкерлерге қоңырау шалды, сол арқылы қылмыстың алдын алдық»
Осы орайда, қала тұрғындары алаяқтардың арбауына түсуден сақтану жолдарын қаншалықты білетінін өздерінен сұрап көрдік.
Құқық қорғау органдары азаматтарды жеке деректерін ешкімге бермеуге, SMS арқылы келетін кодтарды жария етпеуге, күдікті сілтемелерге өтпеуге және белгісіз қосымшаларды жүктемеуге шақырады. Күдікті жағдай туындаса, дереу полицияға хабарласу қажет.
Жұлдыз Қабылденова